Әскери оқу орнының факультетіне Бауыржан Момышұлының есімі берілді
Салтанатты рәсім батырдың 110 жылдығына орайластырылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің жалпы әскери факультетіне аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл ашылу рәсімі Ұлты Отан соғысына қатысушы, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орайластырылды.
Аталған іс-шараға басшылық, профессорлық оқытушы құрам мен университеттің тыңдаушылары, сондай-ақ Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
«Бауыржан Момышұлының өмір жолы мен ерліктері әрқашан барлық офицерге және жас ұрпаққа үлгі болары анық. Батырдың есімі берілген жалпы әскери факультетінің ашылуы біздің оқу орнына факультет магистранттарын даярлауда зор үлесін қосады деп үміттенемін», - деп Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов атап өтті.
Салтанатты жағдайда қатысушылар командирді құрметпен еске алып, оның өмірі мен ерліктері туралы қызықты фактілермен бөлісті. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде батырды үлгі етудің маңыздылығын атап өтті.