Түркияда Абай атындағы музей мен саябақ ашылды
Абай атындағы залда ақынның балауыз мүсіні, экспонаттар мен қолдан жасалған ұлттық бұйымдар қойылған
Түркияның Чорум қаласында Қазақстан елшілігі Ескіліп ауданының мэриясымен бірлесіп Ескіліп ғалымдары мұражайында, сондай-ақ Абай Құнанбайұлы атындағы саябақта арнайы залдың салтанатты ашылу рәсімін өткізді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара қазақтың ұлы ақыны мен ойшылының 175 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылды.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан елшісі Абзал Сапарбекұлы Тұңғыш Президент – Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Заман өзгерсе де, әлем өзгерсе де, халқымыз Абай туралы пікірін өзгертпейді және уақыт өте келе оның ұлылығының жаңа қырларын ашады» деген сөздерін келтірді. Дипломат сондай-ақ қатысушылардың назарын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Абай мұрасы – бұл бізді ұлт ретінде біріктіретін және ел ретінде дамуға мүмкіндік беретін құндылық» деген сөзіне аударды.
А. Сапарбекұлы түрік халқына және Чорум қаласының басшылығына қазақ халқы мен Абайға деген құрметі үшін шынайы алғысын білдіріп, мұндай бастамалар екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Чорум қаласы губернаторының орынбасары Реджеп Юксель өз сөзінде бүгін ашылған нысандар қазақ және түрік халықтарының рухани және мәдени жақындығын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті.
Абай атындағы залда ақынның балауыз мүсіні, экспонаттар мен қолдан жасалған қазақ бұйымдары қойылған. Бұл мәселеде Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыратын Orhun Medical түрік компаниясы тиісті қолдау көрсетті.