Димаш ұзақ үзілістен соң сахнаға қайта оралды
Қазақстандық әнші локдауннан бері Ресейде өткен алғашқы ауқымды концертте үш ән шырқады
5 желтоқсанда Мәскеудегі ВТБ аренада «Жыл әні» дәстүрлі концерті өтті. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында басталған аңызға айналған фестиваль бұл жолы барлық әншілер мен олардың жанкүйерлері үшін үлкен және көптен күткен мерекеге айналды. Бұл – коронавирус пандемиясына байланысты локдауннан бері Ресейде өткен алғашқы ауқымды концерт.
Dimashnews хабарлағандай, кеште Димаш үш ән шырқады: «Там, где живет любовь», «Your Love» және «Я скучаю по тебе». Әнші мен Dear-лардың бір-бірін қатты сағынғаны анық байқалды.
Қазақстандық әнші ұзақ үзілістен кейін тыңдармандардың алдында өзін таныстырып, бұрын-соңды болмаған күш-жігерді сезінгенін жеткізді.
«Қазір мен ерекше эйфорияда тұрмын. 9 айдан бері сахнаға шықпадым, сондықтан көпшілік алдында тағы да, әсіресе осы қиын кезеңде өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Мені қолдауға келгендеріңіз үшін рахмет. Мен сіздерді өте жақсы көремін!», - деді әнші.
Мәскеудегі «Жыл әніне» көрермендер Димаштың шығармашылығы үшін бірнеше қаладан келді. Сондай-ақ сүйікті әншілерімен көптен күткен кездесуден алған әсерлерін бөлісті. Олардың айтуынша, Димаштың өнер көрсетуі тамаша өтті. Қуанышқа толы және жылы атмосфера болды. Тіпті карантин мен ұзақ уақыт кездесу болмағандай әсер қалдырды. Кездесуден кейін Dear-лар ұзақ уақыт бір-бірін қимай, көпке дейін тараспады.
Димаштың грим бөлмесі гүл шоғына толып қалды. «DimashAli» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев Dear-ларға осындай жылы лебізге толы кездесу үшін алғысын білдірді.
«Бүгін мұнда көптеген тамаша әндер шырқалды. Барлық әншілердің бір-бірін және өздерінің сүйікті тыңдаушыларын сағынғаны көрініп тұр. Біздің шығармашылық орталықтың атынан Димашқа барлық жанкүйерлерінің сүйіспеншілігі мен қолдауы үшін алғыс білдіргіміз келеді. Бұл біз үшін қымбат әрі құнды сезім. Димаш шығармашылығының барлық жанкүйерлері біздің отбасымыздың мүшелері секілді. Біз бәрін жақсы көреміз, әрқайсы үшін алаңдаймыз. 2020 жылы келген барлық қиыншылықты еңсерейік, 2021 жыл жақсы жаңалықпен басталсын», – деді Қанат Айтбаев.