Қазақстандық қандай фильм «Оскар» жүлдесіне ұсынылды?
Фильм «Шет тіліндегі үздік фильм» аталымындағы мүсінге таласады
Қазақстандық «Ұлы дала зары» фильмі жылдың басты киножүлдесіне – голливудтық «Оскарға» ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Фильмді еліміздің Кинематографистер одағы жанындағы Қазақстанның Оскар комитеті таңдады.
Қазылар алқасының құрамына кино өнерінің белгілі қайраткерлері кірді: Асанәлі Әшімов, Олег Борецкий, Фархат Әбдірайымов, Фархад Шәріпов, Арман Асенов, Сатыбалды Нарымбетов және Қанат Төребай. «Ұлы дала зары» фильмін жүлдеге ұсынуға қазылар алқасының 7 мүшесінің төртеуі дауыс берді, екеуі қарсы болды және біреуі қалыс қалды.
Картина байқауда «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша бақ сынайды. Фильмнің продюсері - Ернар Мәліков, режиссері және сценарисі - Марина Кунарова.
«Ұлы дала зары» көркем фильмі Қазақстанның байырғы тұрғындарының басына түскен нақты тарихи оқиғаларға негізделген. Фильм 1920-30 жылдардағы аштықтан 8,5 миллионға жуық адам қаза болған қиын-қыстау кезді баяндайды.
Фильмнің продюсері Ернар Мәліковтың айтуынша, фильмді жарыққа шығаруға 5 жыл уақыт кеткен. Оған қаржы мәселелері себеп болған.
Айта кетейік, «Ұлы дала зары» фильмінің премьерасы жақында Лос-Анджелесте болған халықаралық Азия кинофестивалінде өтті. Бұдан бұрын «Ұлы дала зары» фильмі «Алтын глобус» сыйлығының лонг-тізіміне енгені белгілі болды. Фильм «Шет тіліндегі үздік фильм» аталымындағы мүсінге таласады.