AGT шоуының жартылай финалында өнер көрсеткен Данэлия Төлешова өзіне дауыс беруді сұрады
Дауыс беруге тек АҚШ тұрғындары қатыса алады
14 жастағы қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова America’s Got Talent шоуының жартылай финалында өнер көрсетті. Ол британиялық Jessie J атты танымал әншінінің «Who you are» әнін орындады.
«Мен қатты уайымдадым. Өйткені қарсыластарымның бәрі мықты, финалға жетсем деймін. Осы турда орындау үшін бірнеше ән қарастырылды. Бірақ біз «Who you are» әнін орындауға шешім қабылдадық. Жартылай финал үшін әннің керемет аранжировкасы әзірленді, көрермен мен қазыларға ұнады деп үміттенемін», - деген Данэлия Төлешова NBC телеарнасына берген сұхбатында.
America’s Got Talent жобасының қазылар алқасының мүшесі Хоуи Мэндел қазақстандық жас әншінің финалға шығатынына тілектес.
«Меніңше, саған бәрі дауыс беріп, сен үздік бестіктің қатарына кіруің керек. Мен бұл жобада өзімді қазылар алқасының мүшесі сезінген жоқпын, сенің концертіңде отырғандай болдым. Сен қазірдің өзінде жұлдызсың, қазірдің өзінде жеңімпазсың. Америкалықтар, қазір бәрі сіздердің қолыңызда. Сіздер дауыс беріп, оны финалға жеткізулеріңіз керек», - деді ол.
Бұған дейінгі турдағыдай, финалға шығатын үздіктер NBC телеарнасының сайтында дауыс беру арқылы бір тәулік ішінде анықталуы тиіс. Сондай-ақ жобаға қатысушылардың кез келгені қазылардың қосымша дауысын да ала алады. Финалға кім шығатыны ертең белгілі болады.
Айта кетейік, Данэлия Төлешова Instagram желісіндегі парақшасында өзіне дауыс беруді сұрады. Ол үшін NBC телеарнасының ресми сайтына кіру керек. Тек оған АҚШ тұрғындары қатыса алады.