Мұхтар Шаханов Алматыдағы Шәмші ескерткішіне көңілі толмай, қала әкіміне базынасын айтты
Ақынның айтуынша, ескерткіште Шәмші Қалдаяқовтың қартайған шағы бейнеленген
Алматыда композитор Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш қойылды. Қоладан құйылған скульптура Республика сарайының солтүстігіндегі саябаққа орналасқан.
Салтанатты шараға Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, ақындардан Шөмішбай Сариев, Мұхтар Шаханов, Жүрсін Ерман, әншілерден Рымбаева мен Нұрғали Нүсіпжанов, сондай-ақ сазгердің жары Жәмилә Қалдаяқова мен өзге де қоғам қайраткерлері қатысты. Олар сазгер туралы естеліктерімен бөлісті.
«Шәмшінің әруағын сыйлап, ескерткіштің ашылуына келгендеріңізге рахметімді айтамын. Ол – халық сүйген композитор. Маған «мен өте бақытты адаммын» деп жиі айтушы еді. Шынында ол бақытты. Оның ізін қазір немерелері мен шөберелері жалғастырып келеді», - дейді композитордың жары Жәмилә Қалдаяқова.
Фотода Шәмші Қалдаяқовтың жары Жәмилә Қалдаяқова
Биіктігі 1,5 метрлік мүсіннің авторлары – Қанат Бегулиев, Әлімжан Тоқбаев, Дулат Үсенбаев, Айдос Бүркітбаев және Данияр Сарбасов. Мүсіншілер композиторды орындықта терең ойға шомып, шығармашылық толғаныста отырғанын бейнелеген. Алайда, ақын Мұхтар Шаханов қоладан құйылған ескерткішке аса көңілі толмайтынын айтты. Оның пікірінше, мүсін композитордың қартайған шағына көбірек ұқсайды.
Фотода ақын Мұхтар Шаханов
Ұлы композитордың бірнеше әнінің сөзін жазған белгілі ақын Мұхтар Шаханов көпшіліктің алдында Шәмшіге арнап шығарған өлеңін оқып берді. Сондай-ақ ақын композиторға қойылған ескерткіш туралы да пікірін айтты.
«Ескерткіш қойылғаны жақсы ғой. Жас кезін емес, қартайған шағындағысын қойыпты. Болады енді...», - деді М.Шаханов.
Ақын сондай-ақ, қала әкіміне соңғы кезде Шәмшінің әндері телеарналардан берілмей жүргенін, есесіне пайдасыз дүниенің каптап кеткенін айтты.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы