Шымкентте жыр жаттаудан жеңімпаз атанған оқушы 1 млн теңге жеңіп алды
Байқауға 116 мектептен мыңнан аса оқушы мен 600-ден аса мұғалім қатысып, 12 бала ақтық кезеңге өтті

Шымкентте «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы ұйымдастырылып, оқушылар жыр жаттаудан жарысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Байқауға 116 мектептен мыңнан аса оқушы мен 600-ден аса мұғалім қатысып, 12 бала ақтық кезеңге өтті.
Руханият додасы республика бойынша 6-10-сынып оқушыларының арасында өтті. Байқау аясында қатысушылар 132 бет – 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген және тарихи сөздердің мағынасын ашуға тырысты. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап берді. Жиында сөз алған «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының жетекшілері алдағы уақытта мұндай рухани шаралар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Байқау қорытындысында қалалық кезеңде 1-орынды жеңіп алған Салтанат Мақсұтқа 1 млн теңге берілді. Оқушының жетекшісі Айгүл Әбдіматоваға 2 млн теңге табысталды.