Қазақ-қытай бірлесіп түсірген «Композитор» фильмі жүлдегер атанды
Туынды «Қызыл үйеңкі жапырағы» сыйлығына ие болған
Қазақ-қытай режиссерлері бірлесіп түсірген алғашқы туынды 8-ші Ванкувер халықаралық қытай киносы (Vancouver Chinese Film Festival) фестивалінде 4 марапатқа ие болды. Фестивальдің жабылу салтанатында және «Қызыл үйеңкі жапырағы» сыйлығының марапаттау рәсімінде «Композитор» көркем фильмі «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік әйел рөлі» және «Үздік ер рөлі» номинацияларын жеңіп алған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі екі дара тұлғаның өмірін баяндайтын туынды фестивальде «Қызыл үйеңкі жапырағы» сыйлығына ие болды.
«Композитор» фильмі әйгілі заманауи қытай композиторы Сянь Синьхайдың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Алматыдағы өмірі, сондай-ақ оның және қазақтың әйгілі композиторы Байқадамов арасындағы терең ұлтаралық достығы жайында баяндайды», - деді фильмнің режиссері, қытайлық Сирзат Яхуп.
Фильмдегі басты рөлдерді танымал қытайлық актерлер Ху Цзюнь, Юань Цюань және қазақстандық актерлер Берік Айтжанов, Аружан Жазылбекова сомдады. Фильмнің премьерасы 2019 жылдың мамыр және маусым айларында Қытай мен Қазақстанда өткен еді. Көрерменге жол тартқан сәттен бастап «Композитор» фильмі Қытай, АҚШ, Бразилия және басқа да елдердегі халықаралық кинофестивальдерде де марапаттарға ие болған.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин шығармашылық ұжымды қабылдап, фильмнің Қазақстан мен Қытай арасындағы дәстүрлі достықты жеткізудегі, сондай-ақ екі ел халықтары арасындағы мәдени алмасулар мен байланыстарды ілгерілетудегі маңызды рөлін жоғары бағалады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы