Латын әліпбиі бойынша пернетақта жобасын әлі де пысықтау керек – Ұлттық комиссия
Ұлттық комиссияның жұмыс тобы латын графикасына көшу мәселелерін талқылады
Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен 20 тамызда «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейінгі кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» аясында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобының кезекті отырысы онлайн жүйесінде өткізілді. Бұл туралы Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығынан хабарлады.
Шараға орфографиялық жұмыс тобы мүшелері, Ғылым комитеті төрағасының орынбасарлары Болат Кеңесов пен Азамат Рысжанов, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Мәдениет және спорт вице-министрі, орфографиялық жұмыс тобының төрағасы Нұрқиса Дәуешов жаңа әліпбиді енгізу және осыған сәйкес емле ережелерін жасау мәселелері төңірегінде кіріспе сөз сөйледі.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің емле ережелері жобасына орфографиялық топ мүшелері мен тәуелсіз сарапшылардың қорытынды сараптамасы бойынша баяндама жасады. Баяндамашы жұмыс тобы мүшелері мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан айтылған сын-пікірлерге ғылыми дәйекті жауап беріп, олардың орынды ұсыныстарының ескерілген тұстары туралы баяндады. Емле ережелерінің мейілінше екшеліп, ғалымдар сүзгісінен сан мәрте өткізіліп отырғанының мәнісі – оның халық тұтынуына ыңғайлы да жатық болуына ықпал ету екенін айтты.
Орфографиялық жұмыс тобы мүшелерінің және тәуелсіз сарапшылардың емле ережелері бойынша берген ұсыныстары, пікірлері кеңінен талқыланды.
Отырыс қорытындысында емле ережелері бойынша айтылған ұсыныстар мен пікірлерді ескеру және латыннегізді әліпби бойынша пернетақта жобасын әлі де пысықтау қажет деген шешім қабылданды.