Брюссельде Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті

Әйгілі ратушада қазақ өнерінің мәртебесі асқақтаған

Брюссельде Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Брюссельде Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 эылдығына арналған салтанатты концерт өтті. Шымкент әкімдігі хабарлап отырғандай, егемендіктің 35 жылдығына арналған салтанат ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, XIV ғасырда салынған ең көрікті әрі тарихи сәулет туындысы, әйгілі Гран-Плас алаңындағы қалалық ратушада өткен, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Қазақ өнерпаздары Еуропалық қауымдастық назарына ұсынылған ауқымды фестивальде қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінің қайталанбас үлгісін паш еткен. Аталмыш салтанатты кеште көрермендерге ұлттық рухты асқақтатқан «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары ерекше бағдарлама ұсынды», - деп хабарлайды Шымкент әкімдігі.

Дереккөзге сүйенсек, «Шымкент концерт» ұжымынан  «Қаған» этнофольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, қазақтың көне үні мен заманауи сарынын үйлестіріп, жүректерді тебіренткен.

«Яссы» би ансамблі болса, ұлттық бидің мың бұралған кереметін көрсетіп, еуропалық көрермендердің ыстық ықыласына бөленген. Ал талантты әнші Айнұр Назарбекова мен Астана Қарғабай өздерінің әсерлі дауыстарымен ән шырқап, кештің көркін қыздырды.

«Бұл ауқымды мәдени шара қазақ өнерінің шекара талғамайтынын, бауырластық пен бейбітшіліктің символы — «Шаңырақ» идеясының әлем кеңістігінде асқақтап тұрғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Еуропа жұртшылығы қазақ халқының бай мәдени мұрасымен танысып, ұлттық өнерімізге тәнті болды. Брюссельде өткен бұл дүбірлі дода ел Тәуелсіздігінің маңызын айшықтап, халықаралық мәдени байланыстарды нығайту жолындағы тарихи маңызы зор тегеурінді қадам болды», - деп хабарлады Шымкент әкімдігі.

Естеріңізге сала кетейік, «Шымкент концерт» ұйымы 2024 жылғы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде құрылған. Ұйымның ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, концерттік ұжымда 14 бөлім жұмыс істейді. Ұйымның өнерпаздары қатарында:

  • Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі
  • «Қазына» халық би ансамблі
  • «Яссы» би ансамблі
  • «Қаған» этнофольклорлық ансамблі
  • «Қаратау» фольклорлық ансамблі
  • Вокалды-аспаптық ансамблі
  • Эстрада, дәстүрлі және классикалық ән орындаушылар ұжымдары

«Ұйымның басты мақсаты – музыкалық-эстетикалық, көркемдігі жоғары шығармашылық бағдарламалар дайындау, кәсіби ұжымдар мен жеке орындаушылардың концерттерін ұйымдастыру және музыкалық-ағартушылық қызметті дамыту», - деп жазылған сайтта.