«Қанған жоқ па әлі ұйқың?»: Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы ағылшын тілінде жарық көрді

Ағылшын тілінде жарық көрген кітаптың таныстырылымы Стэнфорд университетінде өтті

«Қанған жоқ па әлі ұйқың?»: Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы ағылшын тілінде жарық көрді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ақын, ғалым, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиетінің негізін қалаған ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы тұңғыш рет ағылшын тіліне аударылды. 1911 жылы жарық көрген кітапты 115 жылдан кейін америкалық жазушы, аудармашы Джейк Завлацки аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ғалым Жадыра Еркеш тарихи оқиғаны Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.

«Ахмет Байтұрсынов кітабын масаға балады: кішкентай, бірақ ұйқыны бұзады. «Біздің» деген сөз жалғыз ақынның емес, «оян, қазақ!» деп жар салған Алаш зиялыларының ортақ үнін білдіреді. «Қанған жоқ па әлі ұйқың?» деп халқына сұрақ қойды», – деп жазды ғалым.

Айта кетейік, 1937 жылы Ахмет Байтұрсынов жазықсыз ату жазасына кесілді, ал есімі мен еңбегі 1989 жылға дейін жасырын қалды.

«Бүгін сол ызың ағылшынша да естіледі. Ахмет ата, сіздің үмітіңізді ақтауға тырысып жүрміз», – деп жазды Жадыра Еркеш желідегі парақшасында.

Ағылшын тілінде жарық көрген кітаптың таныстырылымы Стэнфорд университетінде өтті.