«Тазы жарысы ат бәйгесінің деңгейіне жақындап келеді»: сарапшы болашақта тағы бір ұлттық спорт пайда болуы мүмкін екенін айтты
Сарапшының айтуынша, қоғамда ұлттық құндылыққа деген көзқарас өзгеріп келеді
Тазы асырайтын Еркебұлан Дәулеткелдіұлы ұлттық ит тұқымын сақтау үшін селекциялық жұмыстар жүргізіп келеді. Оның айтуынша, соңғы жылдары тазы жарыстары көбейіп, республикалық деңгейге шыққан. Қазір бәйгелерге шетелдік қатысушылар келе бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұдан 7-8 жыл бұрын тазы жарыстары көбіне қала сыртында, далада өтетін. Оған негізінен ит иелері мен осы салаға қызығатындар қатысатын. Қазір әр облыста жарыстар ұйымдастырылып, республикалық чемпионаттар өтеді. Ірі бәсекелер Астанадағы арнайы алаңдарда көрермен алдында өтеді. Жарыстарды теледидардан тікелей көрсету де жолға қойылған. Сарапшының пікірінше, тазы жарыстарының ұйымдастырылу деңгейі мен келетін көрермен саны ат бәйгесіне жақындап келеді. Болашақта бұл ұлттық спорт түрлерінің қатарына қосылуы мүмкін.
Жарысқа жүйрік итті қалай дайындайды?
Еркебұлан Дәулеткелдіұлының айтуынша, итті жарысқа аз уақыт қалған кезде күштеп жаттықтыруға болмайды.
«Дайындықты жарысқа шамамен 1–2 ай қалғанда бастаған дұрыс. Алғашқы кезеңде жиі серуендетіп, ағзасын физикалық жүктемеге бейімдеу қажет. Кейін иттің жағдайына қарай жаттығу уақыты біртіндеп артады», – деді ол.
Шетелдіктер қазақы тазыларға қызығушылық танытып жүр
Еркебұлан Дәулеткелдіұлының айтуынша, Қазақстандағы жарыстарға шетелдіктердің назары ауған. Әлеуметтік желідегі аудитория арасында Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропа елдерінің тұрғындары жиі кездеседі.
Биыл Астанада өтетін «Мыңнан бір жүйрік – Дала сынағы» жарысына Ресей, Қырғызстан және Біріккен Араб Әмірлігінен тазылар қатысады деп жоспарланған.
Тазыны қызығып ұстап, кейін қараусыз қалдыратындар бар
Срапашының айтуынша, тазыға қызығатындар көбейгенімен, олардың бәрі итті ұзақ уақыт бағуға дайын емес. Кейбірі біраз уақыттан кейін қараусыз қалдырады. Қазіргі күні көшеде қаңғып жүрген тазылар кездеседі, үйсіз жануарларды қабылдайтын орталықтарға түскендері де бар.
«Кейбір адамдар аяқ астынан қызығып, тазы асырап алады. Кейін уақыт өте келе оған қарауға уақыты болмайды. Бұрынғыдай ынтасы да қалмайды. Сөйтіп, әлгі ит қараусыз қалады. Қазір көшеде қаңғып жүрген тазылар көбейді. Мұны ұлттық құндылығымызға жасалған қастандық деп есептеймін», – дейді ол.
Сондықтан тазы алар алдында оның күтіміне уақыт пен жағдайдың бар-жоғын ескерген жөн.
Тазы тұқымын асылдандырумен айналысамыз
Еркебұлан Дәулеткелдіұлы тазы тұқымын асылдандыруға көңіл бөледі. 2016 жылдан бері көрмелерге қатысып, сарапшылардан кеңес алып келеді. Көрмеде жоғары баға алған тазыларына құжаттар дайындайды.
«Ең жоғары нәтиже көрсеткендерінен ғана әрі қарай күшік алып, шамамыз келгенше тұқымның сапасын жақсартуға жұмыс істеп жатырмыз», – дейді ол.
Оның айтуынша, тазыны тек көрмедегі бағасына қарап таңдауға болмайды. Иттің аңшылықтағы қабілеті де маңызды. Сондықтан тазы алатындарға Қазақстан кинологтар одағының реестрінде тіркелген, құжаты бар иттерден күшік алуға кеңес береді.
Жарыстан бөлек, аңға салып, сынаймыз
Еркебұланның Дәулеткелдіұлы тазыларын аңға салып, сынайтынын айтты. Таулы жерде тұрғандықтан, қолайлы жағдай бола бермейді. Соған қарамастан, тазылары қара жерде қоян алып жүр.
«Талдықорған мен Астана жаққа барып, елікке салып көрген кездеріміз болды. Сол арқылы иттердің жылдамдығын, төзімділігін және аңшылық қабілетін байқаймыз», – дейді ол.
Тазы - ұлттық құндылық
Сарапшының айтуынша, қазір қоғамда ұлттық құндылыққа деген көзқарас өзгеріп келеді.
«Әлемдік қауымдастыққа ресми «Қазақтың тазысы» ретінде тіркеліп, мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Тазыны жәй ит емес, ұлттық құндылық ретінде көзқарас қалыптасып келе жатыр. Ендігі мәселе тазы жарысын ұлттық спорт түрлерінің қатарынан көрсек деген ниет бар», - деді ол.