Қарағандыда Абай күні аталып өтті: «Book Picnic» алаңы ашылды
Қалада ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ақынның әндері шырқалды
Қарағандыда Абай күніне орай ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ғұлама рухына құрмет көрсетілді. Мерекелік бағдарлама аясында концерт пен поэзиялық кеш ұйымдастырылып, Абайдың әндері орындалып, шығармалары оқылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында сөз сөйлеген Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Абай мұрасының ұлттық руханияттағы орнына тоқталды.
«Абай – бір дәуірдің ғана емес, ұлттың әр кезеңіне жол көрсететін ойшыл. Ол – барша адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеген кемеңгер. Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла», «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеті – бүгінде ел дамуының, интеллектуалды ұлт болып қалыптасудың темірқазығы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың рухани мұрасы еліміздің жаңғыру жолындағы басты бағдардың бірі екендігін атап өтті. Бүгінде Абайдың «Толық адам» ілімі Мемлекет басшысы ұстанған Әділетті қоғам идеясымен үндеседі. Сондықтан, Абай мұрасын насихаттауды болашаққа салынған инвестиция деп қабылдаған жөн», – деді Әлібек Әлденей.

Сондай-ақ, Әлібек Үсенұлы Қарағанды өңірінің Абай әлемімен тарихи байланысы тереңдігін де атап өтті.
«Қарқаралы – Құнанбай қажы ел басқарған, Ибраһимнің жастайынан ат басын бұрған киелі мекен. Бұл тарихи сабақтастық Абай әлемінің Арқа жұртына айрықша жақын екендігін аңғартады. Ғұламаның ізі қалған киелі топырақта өмір сүріп жатқан біз – сол рухани сабақтастықты жалғастырушы ұрпақпыз», – деді ол.
Қарағанды өңірінің Абай әлемімен байланысы терең
Қарағанды облысында Абай мұрасын дәріптеуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мектептерде «Абайтану» курстары ашылып, ақынның өлеңдері мен қара сөздерін насихаттауға арналған түрлі байқаулар ұйымдастырылуда.
Өткен жылы Абайдың 180 жылдығына орай өңірде кешенді жоспар қабылданып, бірқатар іс-шара жүзеге асырылды. Ал биылдың өзінде шамамен 155 шара өткізілген.
Сонымен қатар былтыр өңірде бастау алған «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында оқылатын кітаптар тізіміне Абайдың өлеңдері мен шығармалары енгізілген.
«Paraqta.kz» платформасы таныстырылды
Мерекелік шара барысында қазақ әдебиеті мен Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Paraqta.kz» цифрлық платформасының таныстырылымы өтті.
Платформа оқырмандарға кітап оқу процесін жүйелеуге мүмкіндік беретін үш негізгі функция ұсынады.
Біріншісі – оқу сессиясы. Оқырман таймерді қосып, кітап оқуға жұмсаған уақытын белгілеп, оқыған беттерін тіркей алады.
Екіншісі – оқылған кітапқа пікір қалдырып, басқа оқырмандармен ой бөлісу мүмкіндігі.
Үшіншісі – пайдаланушының өз нәтижесін жалпы оқырмандар арасында бақылауына мүмкіндік береді. Осылайша платформа кітапты жеке оқумен қатар, ортақ оқырман қауымымен бірге оқу мүмкіндігін қалыптастырады.
Қазіргі таңда платформада 4182 оқырман тіркелген. Жоба іске қосылған 11 ай ішінде пайдаланушылар жалпы 752 615 бет кітап оқыған.
Қарағандыда «Book Picnic» әдеби алаңы ашылды
Мерекелік бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі – ашық аспан астындағы «Book Picnic» әдеби оқу алаңының ашылуы болды.
Жоба кітап оқу мәдениетін дамытуға және зерделі ұрпақ қалыптастыруға бағытталған. Алаңда қала тұрғындары мен қонақтары табиғат аясында кітап оқып, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерімен танысып, рухани тынығуға мүмкіндік алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әдеби алаң оқырмандардың басын қосып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруды көздейді.
Ашық аспан астындағы кітапхананың ең жас оқырманы – 8 жастағы Алуа. Әріп танығаннан бері кітап оқуды әдетке айналдырған ол қазір Абай Құнанбайұлының және басқа да ойшылдардың шығармаларын сүйіп оқиды.
«Кітап оқу маған білімді болуға көмектеседі», – дейді Алуа.
Іс-шараға қатысқан қала тұрғыны Алтынай Мұхтарова да Абай шығармашылығының жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Мектеп жасымнан бастап кітап оқимын. Абайды да мектеп қабырғасынан бастап сүйіп оқимын және әндерін жақсы көремін. Қазіргі жастар Абайды көп оқыса, болашаққа дұрыс жол ашуына көмектесер еді», – дейді қала тұрғыны.
Ұлы Абайдың мұрасын дәріптеуге арналған іс-шара ақын шығармашылығының бүгінгі қоғам үшін маңызын тағы бір мәрте айқындап, кітап оқу мәдениетін насихаттауға және өскелең ұрпақтың рухани дамуына ықпал етері хақ.

