Қазақстандық оқушылар физика пәнінен еуропалық олимпиадада жүлделі орындарға ие болды
Олимпиадаға 50-ден астам елден 250 оқушы қатысты
Қазақстанның құрама командасы физика пәні бойынша Еуропалық олимпиадаға қатысты, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Биылғы жарыс Литва астанасы Вильнюс қаласында өтуі тиіс еді, алайда, пандемияға байланысты олимпиада қашықтан өткізілді. Олимпиадаға әлемнің 50-ден астам елінен 250 оқушы қатысты. Турнирде Қазақстанның атынан 5 оқушы - 2019 жылғы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, физика пәнінен олимпиада резервінің мүшелері бақ сынады.
Олимпиада қорытындысы бойынша, қазақстандық құраманың қоржынында бір алтын, екі күміс және бір қола медаль бар. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің қатарында – Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған «Білім инновация» лицейінің оқушысы Мағауин Расул – алтын медаль; Драганчук Антон (Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейі) – күміс медаль; Қалдыбаев Рауан (Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі) – күміс медаль; Қоблан Мирас (Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейі) – қола медаль алған. Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Янченко Алексей грамотамен марапатталды.
Айта кетерлігі, Еуропалық физикалық олимпиада (IPhO - International Physics Olympiad) – дарынды оқушыларға арналған физика пәні бойынша халықаралық аймақтық олимпиада. Жарыс екі турдан тұрады: теориялық тур үш тапсырмадан (жеңіл, орташа және жоғары деңгейдегі күрделілік), эксперименталдық бір немесе екі тапсырмадан тұрады.
Құрама команданың жаттықтырушылары – Сулеймен Демирел университеті профессорының ассистенті С. Мақсұтов пен Алматы қаласы РФММ физика пәнінің мұғалімі А. Сидоренко.