«Елімнің жүрегі – Астана»: Шымкент жұртшылығы елорда күнін думандатып тойлады
«Shym City» саябағына жиналған халық кешті көңілді өткізді
Шымкентте Астана күніне орай «Елімнің жүрегі – Астана» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті. «Shym City» саябағының амфитеатрында ұйымдастырылған айтулы мейрам аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Шымкент концерт» ұжымының өнерпаздары арнайы бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Салтанатты шара елдің бірлігі мен ынтымағын дәріптеу және мемлекет тарихындағы бас қала – Астананың ерекше рөлін айшықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Мерекелік кешке жиылған көпшілік Мемлекеттік Әнұранды шырқады. Бұдан кейін сахна төрінде би ұжымдарының жарқын өнері жалғасты. Көздің жауын алатын ұлттық киімдер мен заманауи үлгіде өңделген халық билерінің өзіндік колориті көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ, елордаға деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігін әнмен өрген жас орындаушылардың өнері де ешкімді бей-жай қалдырмады.
Мерекелік бағдарламаның ашық аспан астында, жарық диодты сүйемелдеумен және субұрқақтардың әуезді ырғағымен өтуі кешке ерекше реңк берді. Бұл үйлесім әртістердің өнерін біртұтас сиқырлы жарық-музыкалық шоуға айналдырып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
«Мен елорданың туған күніне арналған бұл концертке немерелерімді ертіп келдім. Кештің мұншалықты әсерлі әрі жоғары деңгейде өтетінін күтпеген едім. Бұл – Қазақстанның бас қаласының елдің біртұтас рухын қалыптастырудағы рөлін айшықтайтын өте маңызды мереке. Балаларымыз бен немерелеріміз осындай мерекелік шараларға қатысу арқылы бойларына патриотизмді сіңіріп, өз еліне деген мақтаныш сезімін ұялатады», - дейді қала тұрғыны Исабек Құлжанов.
Концерттік бағдарлама тартымды өтті. Әсіресе, балақайлар өздеріне берілген еркіндікке қуанып, алдымен жалғыз-жарымдап, кейіннен топтасып сахнаға шықты. Олар өнерпаздарға қосылып ән айтып, сахнада билеп, кештің сәнін келтіре түсті. Мұндайда жергілікті өнерпаздардың да кәсібилігін атап өткен жөн. Олар кішкентай бүлдіршіндерді ортаға алып, жас жанкүйерлерімен бірге ыстық ықыласпен суретке түсті.