Астанада «Бақыт құшағында» фильмінің тұсаукесері өтті
Фильмде қоғам үшін маңызды тақырыптар қозғалған

Астанада қазақ кино тарихындағы алғашқы jukebox мюзикл – «Бақыт құшағында» көркем фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Премьераға өнер қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты. Шара барысында Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен арнайы перфоманс қойылып, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың фильм ұжымына арналған құттықтау хаты оқылды.
«Фильмнің жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын. Осы орайда актерлерге, түсірілім тобына және жобаны жүзеге асырған барша азаматқа алғыс білдіремін. Алдағы жұмыстарына табыс тілеймін. Жаңа туындының көрермені көп болсын», – делінген хатта.
Фильмнің режиссері – Санат Шапашев, продюсері – Анель Оспанова, диджитал продюсері – Айкерім Есенәлі. Басты рөлдерде Дәурен Серғазин мен Әлия Әнуарбек ойнайды. Сондай-ақ актерлер құрамында Шах-Мұрат Ордабаев бар.
«Фильмде қоғам үшін өзекті тақырыптар көтеріледі. Отбасы институтының маңызы, ананы құрметтеу, ер азаматтың жауапкершілігі мен адалдығы кеңінен ашылады», – дейді диджитал продюсер Айкерім Есенәлі.
Туынды қазақ қоғамын біріктіретін рухани құндылық – Шәмші Қалдаяқовтың әндері негізінде түсірілген. Jukebox мюзикл форматында вальс королінің симфониялық оркестр сүйемелдеуімен орындалған 12 туындысы көрерменге жаңа қырынан ұсынылады.
Режиссер Санат Шапашевтың айтуынша, мюзикл жанры қазақ көрерменіне етене таныс, дегенмен бұл жолы отандық кинода жаңа үлгіде жүзеге асқан.
«Мюзикл Қазақстан үшін бөтен жанр емес. Алайда біз оны жаңа деңгейде, ұлттық ерекшелікке сай форматта ұсынуды мақсат еттік. Мен музыкаға жақын адаммын, ән жазамын, гитарада ойнаймын. Сондықтан Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына сүйеніп, қазақ менталитетіне жақын мюзикл жасағым келді.
Jukebox мюзикл – белгілі әндер негізінде жазылған сценарийге құрылатын ерекше бағыт. Әлемде бұл үлгімен “Mamma Mia” секілді танымал туындылар түсірілген. Біз де сол тәжірибені қазақ музыкасына бейімдеп, өз болмысымызға сай етіп ұсындық», – деді режиссер.
Басты рөлдегі актриса Әлия Әнуарбек фильмді мейірім мен үмітке толы, жылы туынды деп бағалады.
«Бұл махаббат, арман мен ізгілік туралы туынды. Әр көрермен өзіне жақын кейіпкерді табады деп сенемін. Маған ұсынған кезде сценарий бірден ұнады. Рөлге дайындық барысында вокал мен би сабақтарына қатыстым, сондықтан түсірілім кезінде еш қиындық болмады», – деді актриса.
Фильмде бір эпизодта 230 актер қатысқан ірі би көрінісі түсірілсе, қосымша көріністерге 80-ге жуық адам тартылған.
«Бақыт құшағында» көркем фильмі қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай 23 қазан күні еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайды.