«Төрт айдан кейін ұзаттық» Света Айтбаева қызының қуанышына қатысты тіл қатты
Ол барша халыққа алғыс айтты

Димаш Құдайбергеннің анасы, әнші Света Айтбаева қызы Раушан Құдайбергеннің ұзату тойына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бірнеше күннен бері сіздердің ақжарма тілектеріңізді оқып, қуанып отырмыз. Біздің отбасымызға деген ілтипаттарыңыз, ықылас - пейілдеріңіз үшін айтар алғысымыз шексіз. Баршаңыздың амандықтарыңызды тілейміз. Екі бауырының ортасында еркелеп өскен Раушантайымыздың да ұясынан ұшар сәті жетіпті. Ата-әжесінің мейіріміне шомылып бой жеткен, әкесінің қызғалдағы бүгін өз жұртының табалдырығын аттады, қадамы құтты болғай», - деп жазды Айтбаева.
Айта кетейік, жуырда Раушан Құдайбергенді ұзату салтанаты Астанада жоғары деңгейде өткен еді.
«Күні кеше дүниеге келген балапанымыз қанатын қағып , үлкен өмірге құлашын жайып аттанды. 4 ай бұрын құда түсіп, сырға салған қызымызды сән-салтанатымен, ата салттан асып кетпей, әжелерінің ақылымен, міне, енді ғана ұзаттық. Жолы болғай дейміз. Көпшілігіңіз тойдың үзінділерін әлеуметтік желі арқылы көріп , оң пікір айтып жатырсыздар , сұрақтар да қойылып жатыр. Тойдағы көңілдеріңізге ұнаған сәттер туралы кейінірек толық айтып беруге тырысамын. Жақсылықпен жолығайық», - деп жазды Света Айтбаева.
Әлеуметтік желіде Раушан Құдайбергеннің қазақы дәстүрге сай ұзатылуы көптің қошеметіне ие болған еді. Ал екі жастың тойы Шымкент қаласында 8 тамызда болады.