$ 539.38  629.46  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.08.2025, 17:50
AR trend

Дженнифер Лопес Армениядан тарихи құмыра алып кетіп, басы дауға қала жаздаған

Сыйлық табыстаған тарап құмыраны декор ретінде пайдаланған

Дженнифер Лопес Армениядан тарихи құмыра алып кетіп, басы дауға қала жаздаған
Фото: Armenpress

3 тамыз күні Ереванда концерт өткізген америкалық поп-дива Дженнифер Лопеске ұсынылған сыйлықтар арасында алдын ала бекітілмеген, ерекше тарихи құмыра болғаны анықталды. Бұл туралы «Нарекацин» атты армян зергерлік бұйымдар бренді өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Нарекацин» брендінің өкілдері хабарлағандай, Дженнифер Лопеске Армения мәдениетін шынайы көрсету мақсатында, оның қонақ үй бөлмесіне ұлттық әшекейлер, дәстүрлі кілем және ХІХ ғасырдағы ван құмырасы қойылған.

«Мгер есімді шеберіміз небәрі бірнеше сағат ішінде Ван-Васпуракан аймағына тән ұлттық алқа мен сырға жасап үлгерді. Олар Сюник (Зангезур) стиліндегі бадам пішінді элементтермен безендірілген», – делінген жарияланымда.

Сонымен қатар, бөлменің интерьерін толықтыру үшін «Туфенкян» компаниясы сыйға тартқан дәстүрлі армян кілемі және көркемдік-тарихи маңызы бар құмыра қойылған. Бұл құмыра сыйлықтар тізіміне енбегенімен, әшекейлерді көркем көрсету үшін эстетикалық декор ретінде пайдаланылған.

Брендтің алғашқы мәлімдемесінде құмыраның отбасылық жәдігер екені айтылған және Дженнифер Лопес оны өз бетімен алып кеткен деген ақпарат тараған. Бірақ кейін бұл жазба Facebook парақшасынан жойылған.

Кейінгі жаңартылған нұсқада компания жағдайға түсіністікпен қарап отырғанын жазған.

«Иә, Дженнифер ханымға сыйлықтар қатты ұнады, біз бұған қуаныштымыз. Бастапқыда құмыраның кеткеніне таң қалдық, бірақ ол бөлмені тұтас сыйлық ретінде қабылдап, бәрін өзімен бірге алып кеткеніне риза болдық. Бұл – біздің ұстанымымыз», – деп мәлімдеді бренд өкілдері.

 

Серіктес жаңалықтары