Қылмыстық іс қозғалды: Джей Лоның концертінде шу шығарған әйел полицейдің жары болып шықты
Оны тәртіп сақшылар стадионнан көтеріп алып шыққан елі

1 тамыз күні елордадағы «Астана Аренада» өткен мегажұлдыз Дженнифер Лопестің концертінде тыңдармандарды итеріп, жанжал шығарған әйел полиция қызметкерінің жұбайы болып шықты. Бұл ақпаратты Azattyq Rýhy-на Астананың полиция департаменті растады.
Полицияның ақпаратынша, әйел «Астана Аренада» өткен концерт кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған. Жанжал ушығып кетпеуі үшін полиция қызметкерлері оны стадионнан шығарып жіберген.
«Тексеріс нәтижесі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған азамат полиция қызметкерлерінің бірінің жұбайы екенін қосымша хабарлаймыз. Алайда бұл факт оның әрекеттеріне құқықтық баға беруге әсер етпейді. Керісінше, қоғамдағы әрекеті үшін жеке жауапкершілігі жоғары екенін білдіреді», - деп мәлімдеді қалалық ПД.
Полиция барлық азамат заң алдында тең екенін еске салды.
«Ішкі істер органы қызметкерінің отбасы мүшесі болу ешқандай артықшылық бермейді», - деп атап өтті ведомство.
Полиция департаментінің басшылығы тергеу барысын өз бақылауына алған.
Естеріңізге салайық, 1 тамыз күні «Астана Аренада» әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопес концерт берді. Шоу кезінде сахнаға жақын тұрған әйелдердің бірі қасындағы тыңдармандарды итеріп, оларға кедергі келтірген. Желіде тараған видеода тәртіп сақшылары әлгі әйелді стадионнан көтеріп шығарып жібергені түсірілген.