Димаш Құдайберген Перуде аты аңызға айналған әншімен кездесті
Перу жұлдызы Димаш үшін концертін кейінге шегерген
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Перудегі жеке концерті қарсаңында осы елдің танымал әншісі Ева Айльонмен (Eva Ayllón) кездесті. Бұл кездесу өнер иелері үшін ерекше оқиға болды. Олар бір-бірін танитынына жеті жылға жуықтаған. Ал перулік әнші қазақстандық өнерпаздың талантына бұрыннан тәнті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DimashNews-ке сілтеме жасап.
Музыка өнеріне қосқан ерекше үлесі үшін арнайы Latin Grammy сыйлығымен марапатталған Ева Айльон Димашты туған жерінде жылы қарсы алды. Кездесу барысында өнер иелері әңгімелесіп, бір-біріне ізгі тілектерін білдірді. Перулік әнші қазақстандық әріптесіне шығармашылық табыс пен алдағы концерттеріне сәттілік тіледі.
Кездесу сыйлық алмасумен де жалғасты. Ева Айльон Димашқа өз әндері жазылған дискісін жеке қолтаңбасымен табыстап, тұмар сыйлады. Сондай-ақ Перудегі өнер көрсетуі алдында әншіге ақ батасын берді.
Өнер иелерінің таныстығы 2019 жылғы желтоқсанда Нью-Йоркте басталған. Сол кезде Димаш әйгілі Barclays Center аренасында жеке концертін өткізген. Ал Ева Айльон қазақстандық әншімен жүздесу үшін өзінің концертін арнайы кейінге шегерген.
Сол уақытта перулік әнші Димаштың шығармашылығымен өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірінде – анасынан айырылғаннан кейін танысқанын айтқан. Оның сөзінше, қазақстандық орындаушының S.O.S. композициясын орындауы жан күйзелісін еңсеруге және музыкадан қайта қуаныш табуға көмектескен.
Араға жеті жылға жуық уақыт салып, өнер иелері бұл жолы Ева Айльонның туған жері Перуде қайта кездесті. Бұл кездесу Димаш шығармашылығының Қазақстаннан тыс жерлердегі тыңдармандарға да ерекше әсер ететінін тағы бір мәрте көрсетті.
Айта кетейік, 1 желтоқсанда Лимадағы Costa 21 алаңында Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы жеке концерті өтеді.
