Түріктің әйгілі «Ғаламат ғасыр» сериалының жұлдыздары Ыстанбұлда есірткі мен жезөкшелікке қатысты іс бойынша ұсталды
Қазіргі уақытта 19 күдікті қамауға алынған
Ыстанбұл қаласының Бас прокуратурасы есірткі айналымы мен жезөкшелікке қатысты ауқымды тергеу аясында 35 адамды ұстауға ордер берген. Күдіктілер қатарында түрік шоу-бизнесі мен бизнес саласының танымал өкілдері бар. Қазіргі уақытта олардың 19-ы ұсталып, қамауға алынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Hurriyet басылымына сілтеме жасап.
Арнайы операцияны контрабанда, есірткі және экономикалық қылмыстарды тергеу бюросы жүргізіп жатыр. Тергеу бірнеше бап бойынша қолға алынған. Атап айтқанда, жезөкшелікке тарту, есірткі саудасы, тыйым салынған заттарды өткізу және жеткізу, сондай-ақ оларды тұтыну немесе сақтау деректері қарастырылуда.
Прокуратураның ресми мәлімдемесінде ұстауға ордер беру туралы шешімге куәгерлердің, соның ішінде құпия сақталған куәлардың айғақтары, өзге де күдіктілерді қорғау тарапынан ұсынылған материалдар, сондай-ақ тәркіленген ұялы телефондар мен цифрлық тасымалдағыштарға жүргізілген сараптама нәтижелері негіз болғаны айтылған.
Ұсталғандардың арасында кімдер бар?
Қамауға алынған 19 адамның қатарында танымал «Керемет ғасыр» сериалының актерлері Дениз Чакыр (құжатта Чакыр Байкал деген қосарланған тегі көрсетілген) мен Бурджу Өзберк бар. Сондай-ақ танымал әнші, актер әрі режиссер Өзжан Дениз, тележүргізуші Мурат Башоғлу, режиссер Мехмет Джан Карджи және Anadolu Group холдингінің басшысының ұлы, кәсіпкер Ибрахим Иззет Өзилхан да ұсталған.
Бұлардан бөлек, Дениз Сөзен, Мурат Джейлан, Пынар Бент, Джейлан Кая, Ышыл Ышык Демир, Бурхан Караджа, Джем Гюлер, Эрдал Бозкуш, Ибрахим Йылмаз, Сагар Шоджаеи, Илкнур Шахин, Мельтем Өзкаядан және Сехер Гроте Севдишан қамауға алынған.
Тергеу жалғасып жатыр
Прокуратура тергеу барлық бағыт бойынша жалғасып жатқанын хабарлады. Сонымен қатар күдіктілер тізіміне енген 35 адамның қалғандарын ұстау шаралары да жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін "Ғаламат ғасыр" сериалына түскен бір әртіс есірткі ісі бойынша ұсталған болатын.
