«Сөзім жоқ»: Димаш Құдайберген Мексикадан алған ерекше сыйлығын көрсетті
Монтеррей қаласында әншінің бейнесі қабырғаға салынған. Димаш отандық өнерпаздармен бірге жанкүйерлеріне алғысын білдірді
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген отандық өнерпаздармен бірге Мексиканың Монтеррей қаласында ерекше музыкалық импровизация ұйымдастырды. Өнер иесі жанкүйерлерінің өзіне жасаған тосынсыйына риза болғанын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әнші бұл сәтті Instagram парақшасында жариялаған. Видеода Димаш Темірлан Олжабай, Расул Усманов, Олжас Құрманбек және Ернат Наурызбен бірге ұлттық аспаптарда ойнап, би билеген.
Бейнежазбадағы ерекше сәттердің бірі – музыканттардың артындағы қабырғаға салынған Димаштың муралы. Әнші мұндай сыйлықты күтпегенін айтып, жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
«Монтеррей, сіздер мені сөзден айырдыңыздар! Осы әсем қаланың көшелерінің бірінде өз бейнемді муралдан көру – мен үшін үлкен сыйлық», – деп жазды өнер иесі.
Жарияланымға әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер пікір қалдырған. Олар мексикалық тыңдармандарға ерекше тосынсыйы үшін алғыс айтып, Димаштың испан тіліндегі әндерін де асыға күтетінін жеткізген.
Атап айтқанда, тыңдармандар әншіден «Bésame Mucho» және «Historia de un Amor» композицияларын студиялық нұсқада орындауын сұраған. Италиядан, Аргентинадан және басқа елдерден жазылған пікірлерде өнер иесіне деген сүйіспеншілік пен қолдау білдірілген.
