Қайрат Нұртастың концерті бойынша қылмыстық іс қозғалды
Өткен демалыс күндері Қазақстанда неше түрлі оқиға болды. Астанаға Бельгияның королі мен патшайымы келді. Сол сияқты шоу-бизнесте де елді елең еткізген жағдайлар шет қалған жоқ. Azattyq Rýhy тілшісі өткен сенбі мен жексенбідегі негізгі ақпараттарға шолу жасап өтті.
Жексенбі күні Қазақстанға Бельгияның королі Филипп пен патшайым Матильда келді. Ел астанасындағы әуежайдан оларды президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке күтіп алды.
Король мен патшайым мінген бортты Қазақстанның Әскери әуе күштерінің ұшақтары ел шекарасынан қарсы алып, Астанаға дейін қапталдаса ұшты. Мемлекет басшысы король мен патшайымның елімізге сапары Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасын одан әрі нығайту жағынан тарихи мәнге ие екеніне ерекше назар аударды.
Өткен сенбі күні Шымкентте сұмдық жағдай болды. Белгілі әнші Қайрат Нұртас Шымкент қаласында 20 жылдық концертін өткізген. Алайда бұл кеш кемшіліктерсіз өткен жоқ. Концертке есептелген орыннан сатылған билет саны артық болып, топырлаған адам бір-бірін таптап өткен. Адам саны тиісті межеден көп болғанын желіде тараған видеолардан байқауға болады. Бастапқыда сығылысқан топтың ортасында жағдайы қиындап, өлім құшқандар болғаны жайлы айтылған. Бірақ Полиция департаменті бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Адам өлімі болмағанмен, 18 жастағы бойжеткен ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Осының салдарынан Шымкент қаласының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, концерт ұйымдастырушысын қолына кісен салып, қамауға алып кетті.
Соңғы жылдары шоу бизнесте шоу жасап, сынға да жиі ұшырап жүрген қос актер – Олжас Абай мен Дариға Бадықова ақыры үйленіп тынды. Дариға Бадықованың тұрмыста болғанына қарамастан фильмдегі серігі Олжас Абаймен көңіл жарастырып жүргені жайлы талай мәрте сыбыс тараған. Фильмдерде бақытты жұптың рөлін сомдап жүрген екеуі өткен демалыс күндері сырға салу рәсімін өткізген.
Айта кетерлігі, Дариға Бадықованың экс-күйеуі Дархан Мұсаев сұхбат беріп, актрисаның фильмдерінен кейінгі өзгерген қылықтары жайлы айтып, елді елең еткізген еді.