Димаш Құдайберген Бангладешке ізгі ниет елшісі ретінде барды
Әнші Кокс-Базар өңіріндегі гуманитарлық нысандарды аралап, Халықаралық көші-қон ұйымының жобаларымен танысады
Димаш Құдайберген Бангладешке БҰҰ жанындағы Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі ретінде барды.
Әншінің ресми сайтының мәліметінше, Димаш гуманитарлық миссиямен Кокс-Базар өңіріне барған. Бұл аймақ мәжбүрлі түрде қоныс аударған адамдар ең көп шоғырланған жерлердің бірі саналады.
Қазір мұнда жүздеген мың адам тұрып жатыр. Олар баспана, медициналық көмек, білім беру және әлеуметтік қолдау сияқты тұрақты көмекке мұқтаж.
«Димаш Құдайберген бірнеше кездесу өткізіп, гуманитарлық нысандарды аралайды. Сондай-ақ ол Халықаралық көші-қон ұйымының жергілікті жобаларымен танысып, осал топтарды қолдау мен өңірдің тұрақты дамуы мәселесіне назар аударуға атсалысады», – делінген әншінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Димаш Құдайберген 2024 жылдың ақпан айында Халықаралық көші-қон ұйымының тоғыз ізгі ниет елшісінің бірі атанған еді.
«Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі ретіндегі міндетімде мигранттардың құқығын қорғауға атсалысатынымды мақтан тұтамын. Әр адам қорғалған әрі жаңа мүмкіндікке жол ашылған әлем үшін бірігейік», – деген болатын ол.
Халықаралық ұйымдар жергілікті серіктестермен бірге тұрғындардың өмір сүруіне қажетті негізгі жағдайларды қамтамасыз етуге және өңір инфрақұрылымына түсетін салмақты азайтуға жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар Кокс-Базарда жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Өңірде маусымдық су тасқыны мен циклондар жиі болады. Бұл жергілікті халықтың өміріне де, гуманитарлық бағдарламалардың жұмысына да қиындық туғызады.
Халықаралық көші-қон ұйымы – көші-қон мәселесімен айналысатын ірі халықаралық ұйымдардың бірі. Ұйымның негізгі мақсаты – адамдардың қауіпсіз әрі реттелген қоныс аударуына көмектесу. Бұл мигранттарға да, оларды қабылдайтын елдерге де пайдалы болуы көзделеді.
Ұйым әртүрлі мемлекеттердің үкіметтерімен, халықаралық құрылымдармен және қоғамдық ұйымдармен жұмыс істейді.
Халықаралық көші-қон ұйымы 1951 жылы құрылған. Ал 2016 жылдан бері БҰҰ жүйесіне кіреді. Қазақстанда ұйым өз жұмысын 2002 жылы бастаған.