«Мәңгілік Қыз Жібексіз»: Баян Мақсатқызы Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 млн теңге береді
Қамзолдың музейге қашан берілетінін қоғам шешеді, ал әзірге ол продюсердің қолында.
Продюсер Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолға қатысты тағы да пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, ел ішінде қызу талқыланып кеткен қамзол – кезінде «Қыз Жібек» фильмінде актриса Меруерт Өтекешова киген бұйым – өзіне сый ретінде берілген. Алайда оның алдағы тағдырына қатысты шешімді «қоғам мен мемлекеттік органдар» қабылдайтынын жеткізді.
«Қазір қамзол менің қолымда. Әрине, ерте ме, кеш пе, бұл ұлттық мұраны музейге тапсырамын. Бірақ әзірге оны өзім сақтап, қажет кезде киіп жүрмін. Осы арқылы өзімді сол ұлы фильмге, ұлы тұлға – Меруерт Өтекешоваға бір табан жақын сезінемін. Меруерт апайға жеке алғысымды айтқым келеді. Оның рөлі мен қазақ өнеріне қосқан үлесі үшін ризамын. Сіз – қазақ қызының мәңгілік символысыз, мәңгілік Қыз Жібексіз», – деді ол.
Сондай-ақ продюсер өзі ұйымдастыратын “Қазақ аруы” жобасына келесі жылы Меруерт Өтекешованы арнайы шақыратынын айтты.
«Қымбатты Меруерт апай, мен сізге осы тонды сыйлағым келеді. Оны жүрекпен таңдадым, ол сізге лайық. Сонымен бірге өз атымнан және жұбайымның атынан ай сайын 1 миллион теңге көлемінде өміріңіздің соңына дейін қаржылай қолдау көрсеткім келеді. Мұны неге ашық айтып отырмын? Өйткені қаншама мықты әртістер ұмыт қалып жатады. Меценаттарымыз тарихымызды жасап жүрген жандарды назардан тыс қалдырмаса екен деймін. Сол үшін бұл сыйлықты жария етуді жөн көрдім», – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін “Қыз Жібек” фильмінде актриса Меруерт Өтекешова киген қамзолдың жеке тұлғаның қолына өткеніне қатысты тексеру жүріп жатқаны туралы жаздық.