$ 509.75  594.67  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 10:30
AR trend

Ерекше баланың анасын кемсіткен: танымал коуч кешірім сұрап, Ұмраға жолдама сыйлады (ВИДЕО)

Әлеуметтік желіде оның қарым-қатынасы резонанс тудырған еді

Ерекше баланың анасын кемсіткен: танымал коуч кешірім сұрап, Ұмраға жолдама сыйлады (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде өзінің тренингіне келген 38 жастағы ананы кемсіткен коуч Бақытбай Сарыбай ерекше баланың анасынан кешірім сұрап, Ұмраға жолдама сыйлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бізде ерекше баланың анасына байланысты бір жағдай болды. Есімі – Балжан, жасы – 38-де. Халықтың алдында сізден шын жүректен иіліп, кешірім сұраймын. Ерекше баланың анасы болу бұл шын мәнінде үлкен ерлік. Сіз нағыз батырсыз. Менің айтқан сөздерімнің ниеті сізге ауыр тию емес, керісінше жақсы жаққа шақыру еді. Егер сөзіммен көңіліңізге кірбің түсірсем, кешірім өтінемін. Құрмет белгісі әрі кішігірім ілтипат ретінде осы гүлді қабыл алыңыз. Сондай-ақ, Алла қаласа, ағамыз екеуіңіз немесе балаңызбен бірге қасиетті мекенге барып, дұға жасап қайтуыңызға арналған жолдаманы сыйға тартамыз. Әр адамның жүрегінде өз тілегі бар, кейде оны адам шеше алмайды, бәрі Алланың қалауымен болады», - деді коуч.

Ерекше баланың анасы Балжан осыдан екі ай бұрын баламды Астанадан емдетіп келе жатқанда, қажылыққа барып келген бір адам «балаңды қажылыққа апарсаң, сол жерде жасаған дұғаң қабыл болып, балаң емделеді» дегенін айтты.

«Кеше сіз бір адамға қажылық жолдамасын сыйлаған сәтте қатты толқып, көзіме жас келді. Сол жерде отырып дұға жасадым. «Маған да бұйырса екен, мен де барғым келеді» деп қайта-қайта жыладым», - деді ол.

Сондай-ақ ол желіде туындаған шуға қатысты өз пікірін білдірді.

«Instagram мен TikTok-та бұл тақырып үлкен резонанс тудырғанын көріп отырмын. Мен бұл жерге өз еркіммен келдім. Жаңа жылда өзіме психологиялық тұрғыда өзгеріс керек деп шештім, сондықтан сабаққа қатысып, өзіме пайдалы бір нәрсе алғым келді. Ол жерде белгілі бір талдау болды, сұрақ қойылды. Бірақ ол сұрақ балама қатысты емес, ер адамның өкпесі туралы еді. Әңгіме сол тақырыпта өрбіді. Айтылған сөздерді мен жеке басыма да, балама да ауыр қабылдаған жоқпын. Мен сол жерде де айттым: ерекше балама көп көңіл бөлгендіктен, кейде өзіме көңіл бөле алмай қаламын, тіпті өзіме өзім ренжитін кездерім болады. Бірақ соның бәрін балама деген шүкіршілікпен қабылдап, өмір сүріп жүрмін», - деді ол.

Көпбалалы ана атағандай, балама қатысты ешқандай өкпе де, реніш те болған емес.

«Маған екі адамға арналған жолдама бұйырды. Мен баламмен бірге барамын. Қазір менен бақытты адам жоқ шығар. Алла Тағала барлық ерекше баланың анасына сабыр, күш-қуат берсін. Сіздер мені жүз пайыз түсінесіздер деп сенемін. Маған алаңдап, уайымдаған баршаңызға үлкен рақмет. Бірақ айтарым ешқандай өкпе де, реніш те жоқ», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары