Иранда шенеуніктің қызы той жасаған соң қоғамда жаңа наразылық толқыны басталды
Тойға 21 мың доллар кеткен

Иранда елдің жоғарғы басшыларына қатысты ашу-ыза қайта күшейді. Бұрын Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы болған, қазір Жоғары рухани көшбасшының кеңесшісі болып қызмет ететін Әли Шамханидің қызының тойы себеп болды, деп жазады Azattyq Rýhy.
17 қазанда X әлеуметтік желі платформасында тараған бейнежазба қоғамда үлкен дау тудырды. Көпшілік тойдағы сән-салтанатты, сондай-ақ хиджаб заңын сынға алды.
Бейнежазбада Әли Шамхани қызы Фатемені әдемі безендірілген залға жетектеп кіргізіп келе жатқаны көрінеді. Кадрларда батыс үлгісіндегі үйлену салтанаты бейнеленген. Қоғамның ашу-ызасын туғызған жайт қалыңдықтың ашық үлгідегі көйлегі мен анасының мойыны ашық киімі болды. Мұндай киім Ирандағы исламдық әдеп нормаларына қайшы саналады.
Ирандық БАҚ-тардың мәліметінше, Шамхани отбасындағы бұл үйлену тойының құны шамамен 14 миллиард риалға (шамамен 21 мың долларға) бағаланған. Бұл жағдай билік элитасы мен қарапайым халық арасындағы алшақтықтың айқын көрінісі ретінде қабылданды.
Әлеуметтік желілерде, әсіресе X және Telegram-арналарда, жүздеген пікір жазылып, қолданушылар ирандық шенеуніктерді екі жүзді деп айыптады.
«Бұл видео Ислам республикасының шағын көрінісі. Билік халықты хиджаб киюге және кедей өмір сүруге мәжбүрлейді, бірақ өз балаларына хиджабсыз салтанатты той өткізеді», - деп жазды қолданушылардың бірі.
Шамхани отбасы әзірге тойдың құны мен қоғамдағы сынға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Үкімет өкілдері де мәлімдеме жасаудан бас тартып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай оқиғалар соңғы жылдары қоғамдық наразылықтың негізгі себептерінің бірі болып келеді және халықтың шаршағанын көрсетеді.