Газа секторына екінші мәрте бет алған Грета Тунберг ұсталды
Ол еліне депортацияланады

Израиль флоты Грета Тунберг кемелер тобын тоқтатты. Олар Газа секторының жағалауына жақындап келе жатқан болатын. Кемелердегі солшыл белсенділер, соның ішінде Гретаның өзі де, ұсталып, кейін депортациялау үшін жағаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.
Израильдің әскери теңізшілері флотилияның алдыңғы қатардағы кемелеріне қақтығыс аймағына жақындап келе жатқанын ескертіп, бағыттарын өзгертуді талап еткен. Кейін бірнеше кемені тоқтатып, бортқа көтеріліп, про-палестиналық белсенділерді Ашдод портына алып кеткен.
Лондон уақытымен түн ортасына қарай флотилиядағы 44 кеменің тоғызы ұсталғаны хабарланды.
Израиль СІМ Грета Тунбергтің ұсталғаннан кейінгі видеосын жариялады. Палубада отырған белсендіге әскери қызметкер күртеше мен су ұсынып жатыр.
«Грета мен оның достары аман-есен», – деді Израиль үкіметі.
Флотилия ұйымдастырушыларының айтуынша, ұсталған кемелер Газа жағалауынан 126 шақырымдай қашықтықта жүрген. Олар бейсенбінің таңына дейін жағаға жетуді жоспарлаған. Сондай-ақ ұйымдастырушылар Израиль теңізшілерін кемелердің байланысын әдейі өшіріп, кемелерді ұстап алу сәтін әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетуге кедергі жасады деп айыптады.
Израиль бұған дейін де маусым және шілде айларында Палестинаны қолдаушы топтың кемелерін тоқтатқан еді. Ол кезде де 22 жастағы Грета Тунберг депортацияланған еді.
Флотилия кемелерінде шамамен 500 пропалестиндік белсенді болды. Олардың қатарында Италия мен Франция саясаткерлері де бар.