Осы айда шаршы алаңға шығуға тиіс болған жас боксшы көз жұмды
Мексикалық жас боксшының денесі шөлді аймақтан табылды

Мексикалық жас боксшы Хесус Меркадо Кабрераның денесі АҚШ шекарасына жақын, Сонора мен Төменгі Калифорния штаттарының арасындағы шөлді аймақтан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
21 жастағы спортшының денесі жаймаға оралып, қаптама таспамен байланған күйде болған. Оның отбасы бірнеше күн бұрын боксшының жоғалғаны жайлы хабарлаған еді.
«Жергілікті полиция өкілдері марқұмды бірнеше татуировкалары арқылы танығанын, алайда көзге көрінерлік зорлық-зомбылық белгілері табылмағанын мәлімдеді. Қазір Сонора штатының Бас прокуратурасы істі тергеуге алған», - деп жазды портал.
Айта кетері, Кабрера 27 қыркүйекте Эрмосильо қаласында Адриан Руиске қарсы жекпе-жекке шығуға тиіс болатын. Жас спортшының кәсіби карьерасында жеті жеңіс, тоғыз жеңіліс және бір тең есеп бар.
Еске сала кетейік, жапон боксшысы Сигэтоси Котари отандасы Ямато Хатаға қарсы жекпе-жекте алған жарақатынан кейін 29 жасында қайтыс болды. Жекпе-жектен кейін спортшы шұғыл түрде миына операция жасау үшін ауруханаға жатқызылды. Хирургиялық процедуралар кезінде субдуралдық қанды ісік алынды. Спортшы 8 тамызда көз жұмды. Жекпе-жек 12 раундқа созылып, тең аяқталды.