АҚШ Арменияға «Трамп бағыты» жобасы аясында 145 млн доллар бөлмек
Қаржы 4 салаға бағытталмақ

АҚШ Арменияға «Трамп бағыты» жобасы бойынша 145 млн доллар бөлуді жоспарлап отыр. Қаржы сауда, инфрақұрылым және қауіпсіздік салаларын қолдауға бағытталады, деп жазады Azattyq Rýhy.
АҚШ Арменияға «Трамп бағыты» жобасы аясында 145 млн доллар бөлуге дайын. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің Еуропа және Еуразия істері бюросының директоры Брендан Хенрехен 8 тамызда қол жеткізілген келісімдер аясында хабарлады.
Ереванда өткен кездесуде Армения вице-премьері Мгер Григорянмен бірге АҚШ-тың Армениядағы елшісі Кристина Куинн де қатысты.
Хенрехеннің айтуынша, алғашқы транш аясында бөлінетін қаражат мына салаларға жұмсалады:
- сауда және инвестициялық жобаларды дамыту;
- инфрақұрылымды жетілдіру;
- маңызды минералдық ресурстар жеткізу тізбегін нығайту;
- трансшекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Бұл бастама «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге апарар Трамп жолы» атты ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. АҚШ-тың қолдауы Армения экономикасының тұрақтылығын арттырып, аймақтағы қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етпек.