Дональд Трамп Қытай тауарларына салынатын кедендік баж салығын тағы 90 күнге шегерді
Қарашаның ортасына дейін баж салығы тоқтайды

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан тасымалданатын тауарларға жоспарланған кедендік баж салығын енгізуді тағы 90 күнге кейінге қалдырды. Тиісті жарлыққа ол дүйсенбі, 11 тамыз күні қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алғашқы жоспар бойынша жаңа тарифтер 12 тамыздан бастап күшіне енуі тиіс еді, алайда президенттің шешімі бойынша олар қарашаның ортасына дейін шегерілді.
CNBC мәліметінше, бұл шешім шілденің соңында Стокгольмде өткен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздерінің соңғы кезеңінің күтілетін нәтижесі болған.
Егер мерзім ұзартылмаған жағдайда, тарифтер 2025 жылдың сәуір айындағы ең жоғары деңгейге қайта оралған болар еді, АҚШ тарапынан 145%-ға, ал Қытай тарапынан 125%-ға дейін.
2025 жылғы мамырда АҚШ пен Қытай өзара тарифтерді 90 күнге төмендетуге келіскен болатын, сәйкесінше 30% және 10%-ға дейін. Маусым айының соңында Дональд Трамп Қытаймен сауда келісіміне қол қойылғанын мәлімдеді. Бұл келісім аясында АҚШ Қытай үшін бірқатар шектеулерді алып тастайды. Бейжің де келісімді растады.
Шілденің соңында Дональд Трамп пен Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Шотландияның Тернберри қаласында кездесіп, жаңа сауда келісіміне келді. Ол бойынша ЕО тауарларына 15%-дық тариф енеді.
АҚШ президентінің айтуынша, ЕО бұл келісім аясында АҚШ экономикасына 600 млрд доллар (510 млрд еуро) көлемінде инвестиция салуға және 750 млрд доллар (638 млрд еуро) көлемінде америкалық энергетикалық ресурстарды сатып алуға уәде берген.