Иранның Каспий портында сауда кемелерінің қозғалысы қайта жанданды
Каспий теңізіндегі Иран порты Астарада қозғалыс қалпына келтірілді

Иранның Каспий теңізіндегі маңызды порттарының бірі – Астарада сауда кемелерінің қозғалысы қайта жанданды. Бұған дейін порттың кіреберіс каналында жиналған шөгінділер мен су деңгейінің төмендеуі салдарынан кемелер қозғалысы уақытша тоқтатылған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жөнінде Иран жолдар және қала құрылысы министрінің орынбасары, Порттар ұйымының басшысы Саид Расули мәлімдеді.
Оның айтуынша, Әзербайжаннан шыққан алғашқы коммерциялық кеме Астара портына сәтті түрде тоқтады. Жүк көтергіштігі 1600 тонна болатын бұл кеме құрылыс материалдарын жеткізген.
Саид Расули Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі мен шөгінділердің жиналуы кемелер қозғалысына кедергі келтіргенін атап өтті. Осыған байланысты биыл сәуір айынан бастап порттың кіреберіс арнасында тереңдету жұмысы басталып, нәтижесінде 150 мың текше метр көлеміндегі шөгінділер тазартылған.
Ресми өкілдің айтуынша, Астара портының ашылуы Иранның Каспий теңізіндегі сауда және көлік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ өңірлік порт инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосады. Бұл қадам Иран мен Әзербайжан арасындағы сауда байланыстарын да нығайта түспек.