Камбоджа мен Таиланд шекарадағы қақтығыс мәселесін Малайзияда талқылайды
Екі ел өкілдері Куала-Лумпурда кездеспек

Камбоджа Таиландтың келесі аптада Малайзия астанасы Куала-Лумпурда шекаралық мәселе бойынша келіссөздер өткізу туралы ұсынысын қолдады. Бұл туралы Камбоджа қорғаныс министрлігінің ресми өкілі, мемлекеттік хатшының орынбасары Мали Сочхеат жұма күні өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, Камбоджа Таиландтың Бас шекаралық комитет отырысын Куала-Лумпурда өткізу туралы ұсынысын қолдайтынын растағым келеді. Бұл кездесудің конструктивті өтіп, оң нәтижелерге жететініне сенеміз», – деді Сочхеат.
Алдағы кездесуге Камбоджаның қорғаныс министрі Теа Сейха мен Таиланд қорғаныс министрінің орынбасары Наттхапхон Накпханит қатысады.
Таиланд Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілер арқылы Наттхапхон Накпханиттің Камбоджа тарапынан жолданған ресми шақыруға жауап беріп, кездесуге қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Ол екі ел арасындағы шиеленісті төмендетіп, шекаралық қауіпсіздік мәселелерін бейбіт әрі сындарлы жолмен шешуге ниетті екенін атап өтті.
Аталған кездесу екі елдің шекарасындағы қақтығыстан кейін өткізіліп отыр. 24 шілдеде Камбоджа мен Таиланд әскери күштері даулы шекара аумағында қақтығысқа түсті. 28 шілдеде тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келіп, ол түн ортасында күшіне енді.