Көліктер өртеніп, күш қолданылды: америкалықтар Трамптың бұйрығына қарсы наразылыққа шықты
Қазіргі уақытта Лос-Анджелес көшелері қауіпті

Трамп әкімшілігінің иммиграциялық саясатына қарсы тұрғындар Лос-Анджелес көшелеріне шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үшінші күнге созылған наразылықтарды басу үшін Ұлттық гвардиядан 2000 әскери жіберілді. Трамп әкімшілігінің заңсыз мигранттарды жаппай тұтқындау және депортациялау рейдтеріне қарсылық кезінде бірнеше көлік өртенді. Шерушілер жолды жауып, полицейлерге бөтелке лақтырған. Кейбірі Мексика туларын жалаулатты.
Тұрғындар мигранттардың құқықтарын қорғау мен федералды иммиграциялық саясатты сынады.
Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом митингтерге әскерилердің жіберілуін заңсыз деп атап, әкімшілікті сотқа беруге дайын екенін айтты.
Лос-Анджелес полициясы наразылық кезінде кемінде 39 адамды тұтқындады, бірнеше митингіні «заңға қайшы» деп таныды. Президент Трамп наразылыққа шыққандарды «ашулы бүлікші топтарға» теңеп, тәртіпті күшейтуді талап етті. Ақ үй бейбіт шерулерді бұзғандарды қатаң жазалауды қолдайтынын жеткізді. Пентагон жағдай ушығатын болса, қосымша әскер жұмылдыруға дайын екенін хабарлады.
Лос-Анджелес мэрі Карен Басс Трамп әкімшілігін Ұлттық гвардияны жіберу арқылы жағдайды ушықтырды деп айыптап, зорлық-зомбылыққа барған наразыларды да сынға алды. Мексика билігі АҚШ-тың иммиграциялық рейдтері мен әскери күш қолдануына қарсы екенін білдірді. Қазіргі уақытта Калифорния мен үкімет келісімге келе алмай отыр, ал қаладағы наразылықтар әлі де жалғасып жатыр.
Еске салсақ, 5 маусымда Трамп 12 елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салған еді.