$ 540  630.72  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Башар Асад Сирия билігінен кетерде қомақты қаражат пен құпия құжаттарды алып кеткен

Оның ұшағы 48 сағат ішінде Сириядан БАӘ-ге 4 рет қатынаған 

Башар Асад Сирия билігінен кетерде қомақты қаражат пен құпия құжаттарды алып кеткен
Фото: Remy de la Mauviniere/AP

Башар Асад Сириядан кетерде 500 мың доллар қолма-қол ақша мен құпия құжаттарды алып шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Reuters агенттігінің жазуынша, Сирия президенті Башар Асад биліктен кетерден бұрын елден кемінде 500 мың АҚШ доллары көлемінде қолма-қол қаражат пен құпия ақпараттар сақталған ноутбуктер мен қатқыл дискілерді жасырын түрде алып шыққан. Ақпарат агенттігі бұл деректі оннан астам дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады.

Бұл операция бұрынғы президенттің бас экономикалық кеңесшісі Ясар Ибрагимнің басқаруымен орындалды. Ол Embraer Legacy 600 маркалы жекеменшік ұшақты жалдап, Асадтың бағалы мүлкін: суреттері мен мүсіндерін, туыстары мен көмекшілерін Біріккен Араб Әмірліктеріне көшіруді ұйымдастырған.

Reuters дерегіне сәйкес, аталған жекеменшік ұшақ Сирия мен БАӘ арасында режим құлағанға дейінгі 48 сағат ішінде төрт мәрте ұшқан. Соңғы рейс 8 желтоқсан күні Латакия маңындағы ресейлік Хмеймим әскери базасынан ұшып шыққан. Бұған дейін Асадтың дәл осы күні, дәл осы базадан Ресейге қашып кеткені хабарланған болатын.

Агенттіктің хабарлауынша, ұшақпен бірге алып кеткен қатқыл дискілерде телекоммуникация, банк саласы, жылжымайтын мүлік, энергетика және басқа да маңызды секторларды қамтитын күрделі компаниялар желісі туралы негізгі құпия ақпараттар болған. Бұл құрылымдар Асад режимінің байлығының негізін құраған.

Еске салсақ, 2024 жылы 2024 жылғы 8 желтоқсанға қараған түні көтерілісшілер Дамаскіні басып алып, Башар Асадтың билігі құлағанын мәлімдеген. 2000 жылдан бері елді басқарған Асад режимінің құлауы бірнеше күнге созылған қарулы шабуылдар мен көтерілістердің нәтижесінде жүзеге асты. Көтерілісшілер оның кетуімен Сирияда «жаңа дәуірдің» басталғанын жариялады.

Серіктес жаңалықтары