Трамп өзінің құдаларын лауазымды орындарға жайғастырды
Трамп командасын жасақтап жатыр

АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп америкалық миллиардер Массад Булосты араб және Таяу Шығыс істері бойынша аға кеңесші қызметіне тағайындайтынын айтты. Булос – лауазымды қызметке тағайындалып жатқан Трамптың отбасына қатысы бар екінші адам, деп хабарлайды Azattyq Rýhy CNN-ге сілтеме жасап.
Массад Булос – Дональд Трамптың қызы Тиффанидің қайын атасы. Ол сайлау науқаны кезінде америкалық мұсылмандар қауымын Трампқа дауыс беруге шақырып, белсенді үгіт-насихат жүргізген.
Жексенбідегі мәлімдемесінде Трамп Булосты «халықаралық аренада тәжірибесі мол, іскерлік әлемдегі өте сыйлы көшбасшы» деп сипаттаған.
«Массад – Таяу Шығыстағы бейбітшілікті жақтаушы, келіссөз шебері. Ол АҚШ-тың мүддесін мүлтіксіз қорғайтын болады, мен оның командамда болғанына қуанамын», - деген болатын.
Трамп сенбі күні америкалық кәсіпкер, қызы Иванканың қайын атасы Чарльз Кушнерді АҚШ-тың Франциядағы елшісі етіп тағайындайтынын айтқан. Кушнер 2005 жылы 16 айыппен 2 жылға сотталып шыққан. Кейін Трамптың рақымшылығын алған.