Дайвинг-турға шыққан: Египет жағалауында туристер мінген яхта суға батып кетті
Кемеде барлығы 45 адам болған
Египеттің Марса-Алам қаласының жағалауында ондаған турист мінген яхта Қызыл теңізге батып кетті. Кеме бортында әртүрлі елден жиналған 31 турист және экипаждың 14 мүшесі болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті БАҚ-тың ақпаратынша, яхта 24 қарашада Порт-Галиб қаласынан дайвинг-турға шыққан. Бес күннен кейін Хургада-Маринаға оралуға тиіс еді. Алайда дүйсенбі күні қайықтан апат сигналы түскен.
44 метрлік яхтада 31 турист және 14 экипаж мүшесі болған. Іздеу-құтқару операциясы кезінде суға батқан кемеден 28 адам құтқарылды, қалған 17 адам әлі іздестіріліп жатыр.
Су астынан аман шыққандардың кейбірі ұшақпен ауруханаға жеткізілген, басқалары Египеттің әскери кемесін күтіп отыр.
Almasryalyoum порталы таратқан ақпаратқа сүйенсек, туристік катерде Германия, Испания, Бельгия, Қытай, АҚШ, Словакия, Швейцария, Ұлыбритания, Польша, Норвегия, Ирландия, Финляндия және Египет азаматтары болған.
Яхтаның не себепті суға батқаны әзірге белгісіз.