Бүгін, 06:24
Әлем

Каппадокиядағы танымал туристік жартастардың бірі опырылып құлады: қаза тапқандар бар

Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр

Каппадокиядағы танымал туристік жартастардың бірі опырылып құлады: қаза тапқандар бар
Фото: x.com/lale_haber

Түркияның Каппадокия аймағында туристер арасында «сиқырлы мұржалар» деген атпен танымал жартас опырылып құлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Turkiye Today басылымына сілтеме жасап.

Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алды. Опырылған жартас бөліктері жақын маңдағы ашық аспан астындағы музей аумағына құлаған.

Невшехир провинциясының губернаторы Хүсейін Көк оқиғаның нөсер жаңбырдан кейін болған көшкін салдарынан туындағанын мәлімдеді.

Оқиға орнына – Гөреме қаласына полиция, жандармерия, Төтенше жағдайлардың салдарын жою агенттігі (AFAD) және медицина қызметкерлері жіберілді. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

«Өкінішке қарай, екі адамның мәйітін таптық, ал бір зардап шеккен адамды ауруханаға жеткіздік. Оқиға орнындағы іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр», – деді губернатор.

Мақалада
#апат #Түркия #әлем