Теңізге шыққан круиздік лайнер екі жүк кемесімен соқтығысты
Канар аралдарына жоспарланған сапар тоқтатылып, үш кеменің де теңізге шығуына тыйым салынды
Германияның Бремерхафен портынан шыққан Mein Schiff 3 круиздік лайнері көп ұзамай екі жүк кемесімен соқтығысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 25 қазан күні кешке қатты дауылды желдің екпінінен болған.
Соқтығыс салдарынан Канар аралдарына жоспарланған круиз тоқтатылып, лайнер жөндеу жұмыстарына жіберілді.
Оқиға кезінде кемеде 2 428 турист пен 922 экипаж мүшесі болған. Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
Полицияның мәліметінше, көлемі кішірек контейнер кемесі аздап зақымданған, ал ірі кемеге едәуір нұқсан келген.
Контейнер кемесінің корпусында ұзындығы бірнеше метр болатын тесік пайда болып, контейнерлерді бекітуге арналған бағыттаушы құрылымдар майысқан.
Алайда зақымданған бөліктер су бетінен бірнеше метр биіктікте орналасқандықтан, кемелердің ешқайсысына су кірмеген.
Билік өкілдерінің хабарлауынша, круиздік лайнерде құтқару қайықтары, оларды түсіруге арналған крандар және кеме корпусының қаптамасы айтарлықтай бүлінген.
Оқиғадан кейін теңіз қауіпсіздігі қызметі зақымданған үш кеменің де теңізге шығуына тыйым салды.