Бүгін, 01:33
Әлем

Ыстамбұлды нөсер басты: 51 ұшақ ұша алмай, рейстер тоқтап жатыр

Ыстамбұлда нөсер мен қатты жел салдарынан 51 ұшақ қосалқы әуежайларға бағытталып, 19 рейс тоқтатылды. Қалада мектептер жабылып, жолдар мен метро станцияларын су басты

Ыстамбұлды нөсер басты: 51 ұшақ ұша алмай, рейстер тоқтап жатыр
Фото: istockphoto.com

Нөсер салдарынан Ыстамбұлда үйлер мен кәсіпорындарды, жолдар мен жерасты өткелдерін су басты. Бұған қоса, қатты жел мен қолайсыз ауа райы қаладағы екі әуежайдың жұмысына әсер етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Associated Press агенттігінің жазуынша, нөсерден кейін қаланың бірқатар аумағын су басып, күнделікті тіршілікке кедергі келді. 16 миллионға жуық адам тұратын мегаполисте жағдай күрделенді.

Ыстамбұл билігі тұрғындарды үйден шықпауға шақырды. Ал жертөле қабаттарында тұратын азаматтарға түнді басқа жерде өткізуге кеңес берілді.

Нөсер мен қатты желдің салдарынан Ыстамбұл әуежайы және Сабиха Гөкчен әуежайының жұмысы бұзылды. Бұл туралы Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрлігі мәлімдеген.

«Қатты жел мен қолайсыз ауа райы Ыстамбұл әуежайы мен Сабиха Гөкчен әуежайының жұмысына кедергі келтірді. Соның салдарынан ондаған ұшақ кесте бойынша қона алмай, қосалқы әуежайларға бағытталды», – делінген қала билігінің хабарламасында.

14 қазанда қолайсыз ауа райына байланысты негізгі қиындықтар туындады. Ұшақтар қона алмағандықтан, 43 әуе кемесі қосалқы әуежайларға бағытталды. Қатты желдің салдарынан Сабиха Гөкчен әуежайында ұшақтарды қабылдау мен рейстерді жөнелту уақытша тоқтатылды. Алайда жергілікті уақыт бойынша сағат 22:02-де әуежай жұмысы қайта жанданды.

Түркияның авиация саласына маманданған Hava Haber басылымының мәліметінше, қазіргі уақытта Ыстамбұл әуежайында 51 рейс балама әуежайларға бағытталған. Қала губернаторы Давут Гүлдің хабарлауынша, барлығы 19 рейс тоқтатылған. Оның жетеуі – келу, 12-сі ұшу рейсі.

Қала билігінің мәліметінше, нөсерлі жауын тағы екі-үш күнге созылуы мүмкін. Ыстамбұл губернаторы Давут Гүл тұрғындарды аса қажеттілік болмаса, үйден шықпауға шақырды.

Мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды, бірқатар жол жабылды. Бұған қоса, су метро станцияларына дейін жетіп, оларды басып қалды.