Әлемдегі әйгілі туристік қалада сирек кездесетін инфекция таралып жатыр
Бір айда індет жұқтырғандар саны 70 пайызға артқан
Гонконгта сирек кездесетін инфекцияны жұқтыру деректері күрт өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Денсаулық сақтау орталығы мәлімдеді.
Ведомствоның ресми мәліметінше, соңғы бір айда өңірде инфекция жұқтырғандар саны 70 пайызға артқан.
Мәлімдемеде тамыз айынан бері Гонконгте маймыл шешегін жұқтырудың 21 жаңа жағдайы тіркелгені айтылған. Бұл – биылғы жыл басынан бергі барлық жағдайдың 70 пайызы.
2022 жылдан бері мегаполисте маймыл шешегін жұқтырудың жалпы 114 жағдайы ресми тіркелген. Оның 90-ы жергілікті жерде жұқтырғандар болса, 24 жағдай инфекцияның шетелден әкелінуіне байланысты болған. Ведомствоның мәліметінше, инфекция анықталғандардың барлығы – ер адамдар.
Биыл жыл басынан бері Гонконгта маймыл шешегін жұқтырудың 30 жағдайы тіркелді. Оның 23-і жергілікті жерде жұқтырса, жетеуі инфекцияны шетелде жұқтырған.
Инфекция жұқтырғандар санының айтарлықтай өсуіне байланысты Денсаулық сақтау орталығы вирустың таралу тізбегін үзуге бағытталған алдын алу және бақылау шараларын күшейтіп жатыр. Сонымен қатар маймыл шешегіне қарсы арнайы бағдарлама аясында халықты вакциналау жұмыстары кезең-кезеңімен кеңейтілуде.