Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен кемінде 47 адам қаза тапты
Бірнеше қалада ғимараттар қирап, үйінді астында адамдар қалып қойған
Колумбияның батысында болған магнитудасы 7,4 жер сілкінісінен кемінде 47 адам қаза тапты. Бірнеше қалада ғимараттар қирап, үйінді астында адамдар қалып қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Associated Press-ке сілтеме жасап.
Жер сілкінісінің эпицентрі Чоко департаментіндегі Сан-Хосе-дель-Пальмар елді мекені маңында, Боготадан батысқа қарай шамамен 400 шақырым жерде орналасқан. АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы шамамен 107 шақырым тереңдікте болған. Жерасты дүмпулері Эквадор мен Панамада да сезілген. Бұл елдерде тек болмашы зақым келгені хабарланды.
Жергілікті билік Перейрада 18 адамның, Манисалесте екі адамның қаза тапқанын растады. Тағы 27 адам елдегі халық саны бойынша үшінші ірі қала Кали орналасқан Валье-дель-Каука департаментінде көз жұмды. Өңір губернаторының айтуынша, қаза тапқандардың кемінде үшеуі – балалар.
Перейра, Кибдо, Кали және Манисалес қалалары қатты зардап шекті. Құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар аман қалғандарды іздеп, үйінділерді аршып жатыр. Колумбияның ішкі істер министрі жер сілкінісінің салдары 20-дан астам муниципалитетте тіркелгенін хабарлады.
2 миллионға жуық адам тұратын Кали қаласында кемінде 19 қираған ғимаратта адамдар қамалып қалған. Перейра мэрі Маурисио Саласардың айтуынша, үйінді астында әлі де көп адам бар. Жергілікті әуежайда дүмпулер кезінде қауіпсіз жерге жасырынуға тырысқан жолаушылардың маңына төбенің бөліктері құлаған.
Манисалесте неоготикалық собор мұнараларының бірі құлап, оның бөліктері ғимараттың ішіне түскен. Қала мэрі Хорхе Эдуардо Рохас екі адамның қаза тапқанын хабарлап, қайталама дүмпулер қаупіне байланысты тұрғындарды далада қалуға шақырды.
Колумбияның Геологиялық қызметі бұл жер сілкінісін елде соңғы он жылда болған ең қуатты зілзала деп атады. Негізгі дүмпуден кейін магнитудасы 2,8 және 4,8 болатын афтершоктар тіркелді. Жер сілкінісінің салдарынан Манисалес, Кибдо, Армения, Картаго, Буэнавентура және Перейра әуежайларының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Демалыс күндері қызметіне кіріскен Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприэлья Сан-Хосе-дель-Пальмар ауданындағы төтенше жағдай салдарын жою бойынша биліктің іс-қимылын жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. Аймақтағы бірқатар ел мен АҚШ Колумбияға көмек ұсынды.
Колумбияда магнитудасы 6,0-ден жоғары күшті жер сілкіністері салыстырмалы түрде сирек болады. Дегенмен елдің орталық және батыс бөліктерінде қуаты әлсіз жерасты дүмпулері тұрақты тіркеліп тұрады. 1999 жылы Армения маңында болған магнитудасы 6,2 жер сілкінісінен 1,1 мыңнан астам адам қаза тапқан.