Перуде 13 адам мінген ұшақ апатқа ұшырады
Ұшақ ЮНЕСКО тізіміндегі Наска геоглифтерінің үстімен шолу рейсін орындап жүрген
Перуде туристер мінген жеңіл ұшақ апатқа ұшырап, борттағы 13 адамның барлығы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.
Перуның Aerodiana әуе компаниясына тиесілі Cessna Caravan C-208 ұшағы сенбі күні жергілікті уақытпен шамамен сағат 12:10-да Писко әуежайынан ұшып шыққан. Ол Наска сызықтарының үстімен туристік шолу рейсін орындап жүрген. Шамамен 50 минуттан кейін экипаж төтенше жағдай туралы хабарлаған, арада көп ұзамай ұшақпен байланыс үзілген.
Ұшақ бортында 11 турист пен екі ұшқыш болған. Перудің Andina мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, қаза тапқандардың арасында Италияның жеті азаматы, Испанияның екі азаматы және Германияның екі азаматы бар.
«Апаттың ауырлығын ескерсек, аман қалғандар болуы мүмкін емес. Қазіргі уақытта төрт адамның мәйіті табылды», – деді полиция майоры Хорхе Андраде.
Бұған дейін, жұма күні, Мария Райхе атындағы жақын маңдағы әуежайдан Наска геоглифтерінің үстімен жасалатын туристік рейстер желдің жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан асуына байланысты уақытша тоқтатылған болатын.
Перудің оңтүстігінде орналасқан Наска сызықтары – шамамен екі мың жыл бұрын шөлейт жердің бетіне салынған алып геоглифтер. Олар жануарлар, өсімдіктер мен геометриялық пішіндерді бейнелейді және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Бұл суреттерді ең жақсысы әуеден көруге болатындықтан, шағын ұшақтармен ұйымдастырылатын шолу рейстері туристер арасында кең сұранысқа ие.