Эльбрус шыңында бір тәулікте 6 альпинист қаза тапты

 Ресейдегі ең биік тау саналатын Эльбруста ауа райының күрт бұзылуы қайғылы оқиғаға себеп болды

Эльбрус шыңында бір тәулікте 6 альпинист қаза тапты
Фото: © freepik.com

Ресейдің Кабардин-Балқар республикасындағы Эльбрус тауына көтерілу кезінде алты альпинист қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW агенттігіне сілтеме жасап.

Өңірлік Тергеу комитетінің мәліметінше, шыңға екі топ шыққан. Оның бірі – Босния және Герцеговинадан келген жеті альпинист, екіншісі – Ресейдің екі азаматы. 25 шілде күні кешке ауа райы күрт нашарлап, босниялық топ бағытынан жаңылған. Топ мүшелерінің бірі төмен түсіп, 5 100 метр биіктікте екі адамның жағдайы күрт нашарлап, көз жұмғанын хабарлаған.

Кейін оқиға орнына жеткен құтқарушылар тағы бір тірі қалған альпинисті және қаза тапқан тағы үш адамның мәйітін тапты. Осылайша апат салдарынан Босния және Герцеговинаның бес азаматы мен Ресейдің бір азаматы қаза болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар тәжірибелі альпинистер болған және экспедиция ресми түрде тіркелген. Алайда қолайсыз ауа райы қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бермеген. Baza Telegram арнасының хабарлауынша, тауда желдің жылдамдығы сағатына 70 шақырымға дейін күшейген.

Босниялық бұқаралық ақпарат құралдары экспедицияға қатысқан жеті адамның да Зеница қаласының тұрғындары болғанын жазды. Олардың арасында ерлі-зайыптылар мен дәрігер әйел де болған. Ресейлік мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына байланысты кемінде үш адамның мәйітін әзірге таудан түсіру мүмкін болмай отыр. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетейік, Эльбрус – Ресей мен Еуропадағы ең биік тау саналады.