Иранда мұнай танкері минаға соғылып, жарылыс болды
Алдын ала мәлімет бойынша, кеме су астындағы минаға соғылған
26 шілдеде Ормуз бұғазында мұнай танкері Иран белгілеген қауіпсіз бағыттан ауытқып, теңіз минасына соғылды. Бұл туралы Иранның Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Шамамен бір сағат бұрын Ормуз бұғазында Иран белгілеген бағыттан ауытқыған мұнай танкері теңіз минасына соғылып, жарылды», – делінген хабарламада.
БАҚ мәліметінше, кеменің атауы, қай мемлекетке тиесілі екені, келтірілген шығын көлемі және экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер бар-жоғы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Оқиға салыстырмалы түрде екі күнге созылған тыныштық кезеңінде болды. Осы уақытта АҚШ екі апта бойы Иранның әскери нысандарына жасаған әуе соққыларын уақытша тоқтатқан еді. Ал Иран жауап ретінде Парсы шығанағы елдерінің инфрақұрылымына шабуылдарын уақытша доғарған.
Сонымен қатар Иран Оманның арағайындығымен бұғаздағы қауіпсіздікті бақылауға арналған өңірлік консорциум құру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Тегеран бұғаз арқылы өтетін барлық кемеден міндетті транзиттік төлем алуды талап етіп отыр.