Бангкоктағы барда болған өрттен кемінде 27 адам қаза тапты
Тілсіз жау түнгі уақытта шыққан, ондаған адам түрлі дәрежедегі күйік пен жарақат алып, ауруханаға жеткізілді
13 шілдеге қараған түні Таиланд астанасы Бангкоктағы барлардың бірінде ірі өрт шығып, салдарынан кемінде 27 адам қаза тапты. Тағы 63 адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт ел астанасының орталығындағы әйгілі Чатучак базарының маңында орналасқан Чатучак ауданындағы ойын-сауық орнында болған. SHOT Telegram-арнасының мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша, өрттің алдында бар ішінде жарылыс болған. Алайда оның нақты себебі әзірге анықталған жоқ.
Өрт сөндірушілер жариялаған бейнежазбаларда пабтың кіреберісінен лапылдаған жалын шығып жатқанын, ал адамдардың сыртқа жан сауғалап қашып жатқанын көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, күйік шалған келушілер үрейленіп сыртқа жүгірген. Айналаны қою әрі улы түтін басып, көптеген адам түтінге уланып қалған.
Өртті толық бақылауға алу үшін құтқарушыларға кемінде жарты сағат уақыт қажет болды. Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп, зардап шеккендер ауруханаларға жеткізілді.
Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракул қайғылы оқиға орнына барып, өрттің шығу себептері анықталып жатқанын мәлімдеді.