02.07.2026, 22:29
Әлем

Швеция соты Google-ға 1,5 млрд доллар айыппұл салды

Сот компанияны интернеттегі жарнама нарығындағы үстем жағдайын теріс пайдаланды деп таныды

Швеция соты Google-ға 1,5 млрд доллар айыппұл салды

Америкалық Google корпорациясы Швеция сотының шешімімен Klarna қаржы сервисіне 14,3 млрд швед кронын (шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары) төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Соттың шешіміне сәйкес, Google монополияға қарсы заңнаманы бұзып, соның салдарынан Klarna табысының бір бөлігінен айырылған. Енді корпорация компанияға келтірілген шығынды өтеуі тиіс.

Агенттіктің мәліметінше, бұл – Швеция тарихындағы монополияға қарсы іс бойынша тағайындалған ең ірі өтемақы.

Google сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, алдағы уақытта қандай құқықтық қадам жасайтынын қарастырып жатқанын хабарлады.

Бұған дейін де Еуропалық одақ билігі Google компаниясын монополияға қарсы талаптарды бірнеше рет бұзды деп айыптаған болатын. Атап айтқанда, компания өз сервистеріне артықшылық берді деген күдікке ілінген. Негізгі шағымдар цифрлық жарнама нарығы мен баға салыстыру платформаларына қатысты болған.

Еске салайық, бұған дейін Калифорния соты да Google-ды пайдаланушылардың деректерін заңсыз жинауға байланысты қозғалған іс бойынша 314 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеген еді.