20.06.2026, 22:19
Әлем

Жапония шетелдіктер үшін виза құнын күрт қымбаттатады

Жаңа тарифтер елге кіру үшін берілетін бірнеше санаттағы визаларға қатысты болады

Жапония шетелдіктер үшін виза құнын күрт қымбаттатады
Фото: © istockphoto.com

Жапония билігі шетел азаматтарына арналған виза құнын шамамен жарты ғасырдан кейін алғаш рет көтермек. Тиісті шешім ел үкіметінің отырысында қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

The Japan Times басылымының жазуынша, 1 шілдеден бастап бір реттік визаның құны 3 мың иеннен 15 мың иенге дейін (9 мың теңгеден 45 400 теңгеге дейін), ал көп мәртелік визаның құны 6 мың иеннен 30 мың иенге дейін (18 мың теңгеден 90 800 теңгеге дейін) өседі. Жаңа тарифтер осы күннен кейін тапсырылған барлық өтінішке қолданылады.

Жапонияның сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэгидің айтуынша, қолданыстағы визалық алымдар 1978 жылдан бері қайта қаралмаған. Оның сөзінше, виза бағасын көтеру қажеттілігі соңғы ондаған жылдағы инфляция мен валюта бағамдарының өзгеруіне байланысты туындаған.

Үкімет өкілдері жаңа тарифтердің елге келетін туристер санына айтарлықтай әсер етпейтініне сенімді. Сонымен қатар қосымша түсетін қаражатты елдегі шетелдік тұрғындар санының артуына байланысты шығындарды жабуға бағыттау жоспарланып отыр.