Лондонға бағыт алған: 200-ден аса жолаушы мінген ұшақтың бортынан өрт шықты
Зардап шеккендер жоқ
Жапония астанасындағы Ханэда халықаралық әуежайында ұшуға дайындалып жатқан жолаушылар ұшағының бортында смартфон өртенді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Japantoday мәліметінше, оқиға British Airways әуе компаниясының Токио – Лондон бағытындағы рейсінде болған. Ұшақ ұшу-қону жолағымен қозғалып бара жатқан сәтте әуе кемесінің салонынан түтін шыққан.
Белгілі болғандай, жолаушылардың біріне тиесілі ұялы телефон жанып кеткен. Экипаж мүшелері борттағы өртсөндіргіш құралдарды қолданып, үлкен өрттің алдын алды.
«Ұшақ бортында болған 211 жолаушы мен экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесі тұраққа қайтарылды. Тиісті тексеру жұмысынан кейін ұшақ Лондонға бағыт алды», – делінген министрлік есебінде.
Мамандар соңғы жылдары смартфондар мен портативті қуаттағыш құрылғылардағы литий-ионды батареялардың жану және түтіндеу оқиғаларының жиілеп кеткенін айтты. Осыған байланысты, сәуір айында Жапонияның Көлік министрлігі қауіпсіздік ережелерін қатаңдатқан болатын. Жаңа талаптарға сай, жолаушылардың бортқа екіден артық портативті қуаттағыш алып кіруіне болмайды, оларды ұшақ ішінде пайдалануға және қуаттауға толықтай тыйым салынған.