Трамп билікке келгелі АҚШ-та қамалған мигранттар арасындағы өлім екі есе артты
2025 жылдың қаңтарынан бері иммиграциялық орталықтарда 50 адам қайтыс болды
АҚШ президентті Дональд Трамп 2025 жылдың қаңтарында жаппай депортациялау науқанын бастағаннан бері иммиграциялық уақытша ұстау орталықтарында 50 адам қайтыс болды. Бұл жайында Reuters агенттігі талдау жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Трамп әкімшілігі билікке келгелі бері тұтқындар арасындағы өлім көрсеткіші екі есеге өскен. Егер 2009-2024 жылдар аралығында жылына орташа есеппен әр 3848 тұтқынның біреуі қайтыс болатын болса, биыл маусым айының басындағы көрсеткіш бойынша әр 1630 адамның біреуі көз жұмған. Бұған тұтқындар санының тым артып кетуі, оларға дер кезінде медициналық көмектің көрсетілмеуі себеп болып отыр.
Трамптың бұйрығымен бұрынғы гуманитарлық жеңілдіктер жойылып, созылмалы ауруы бар адамдар да, қарт адамдар да жаппай қамауға алына бастаған. Салдарынан уақытша ұстау орталықтарындағы адам саны 70 мыңға дейін жетті.
«Көз жұмған 50 аданың 21-і ес-түзсіз немесе өлі күйінде табылған. Оның ішінде 10 адам өз-өзіне қол жұмсаса, 16 адам инфаркт пен жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұмды. Бұл орталықтардағы алғашқы медициналық тексеріс пен психикалық қолдаудың мүлдем жеткіліксіз екенін көрсетеді», - дейді Калифорния университетінің сарапшы мамандары.
Агенттік зерттеуінде бірнеше қайғылы оқиғаны атап көрсеткен. Индианадағы орталықта жүрек ауруы бар 55 жастағы Вьетнам азаматты Туан Ван Буи есінен танып құлағанда күзетшілер мен дәрігерлер 25 минутқа кешігіп келіп, оны құтқара алмай қалды. Ал Пенсильванияда бірнеше рет өзіне қол жұмсағысы келген 32 жастағы Қытай иммигранты Чаофэн Ге бақылаудың жоқтығынан жуынатын бөлмеде асылып өлген. Сондай-ақ Нью-Йоркте алкогольдік абстиненциядан зардап шеккен Гондурас азаматына шұғыл көмек көрсетілмей, камерасында жан тапсырған.
Трамп тұсында қабылданған қатаң заңдардың әсерінен ұсақ құқық бұзушылық жасаған иммигранттар да сақшылардың нысанасына ілікті. Мысалы, Далласта дүкеннен азық-түлік ұрлады деп айыпталған 41 жастағы Ауғанстан азаматы Мохаммад Пактиавал ұсталып, келесі күні ауруханада тынысы тарылып көз жұмды. ICE осындай адамдарды «қылмыскер» деп атап көрсететін болған.
АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі айыптауларды жоққа шығарып, орталықтарда «қауіпсіз әрі гуманитарлық» жағдай жасалғанын және медициналық көмек тиісті деңгейде көрсетілетінін мәлімдеген. Алайда құқық қорғаушылар мен медициналық сарапшылар ресми есептерде маңызды медициналық деректер мен салғырттық фактілері жасырылған дейді.